25 ақп, 2020 сағат 08:18

Алматыда психологті соққыға жыққан ер адамға сот үкімі шықты

Алматыда психолог Светлана Божконы соққыға жыққан ер адам 3 жылға сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы (бұзақылық) және 107-баптың 2-бөлігі 5-тармағымен (денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) М.Сабырбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Еске салайық, былтыр 20 шілде күні психолог Светлана Божко соққыға жығылып, екі рет операция жасалған болатын. Тамыз айында күдікті ретінде 91 жылғы ер адам ұсталды.

«Сот үкімімен Сабырбаев денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiргені үшін кінәлі деп танылып, ол 3 жыл бас бостандығынан айырылды. Сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өткізеді»,– делінген Алматы қалалық сот таратқан хабарламада.

Айта кетерлігі, материалдық және моральдық залалды өндіру туралы жәбірленушінің шағымы жартылай қанағаттандырылып, 2 млн теңге моральдық залал өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.