29 мау, 2018 сағат 16:11

Алматыда пәтер қожайынын өлтірген әйел өзіне қол салмақ болған

Алматыда пәтер қожайынын өлтірген 30 жастағы әйел жантүршігерлік қылмыстың ізін жою үшін, өзіне қол салғысы келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты.

Қайғылы жағдай болған №11 шағын ауданның тұрғындары оқиға туралы айтып берді.

Көршілерінің айтуынша, 4 бөлмелі пәтерді 6 қыз жалдап тұрған.

Олардың бірі, басты күдікті Оңтүстік Қазақстан облысынан келген әйел пәтер иесімен сөзге келіп қалған.

«Бұл әйел азық-түлік дүкенінде сатушы болып жұмыс жасаған. Олар бәрі сырттан келгендер. Ұрыс-төбелес болмайтын, арақ ішпейтін. Адамды өлтірген соң қан-қан киімдерді кіржуғышқа салып жуып тастамақ болған. Осы сәтте үйге пәтер иесінің ұлы көтерілген. Әйел оны да өлтірмек болған. Бірақ жігіт қашып шығып, сырттан көмек сұрап үлгерген. Полиция шақырған. Күдікті әйел асүйдегі шүберекке асылып өлгісі келген», - деді қаза болған әйелдің көршілері.

Қалалық ІІД хабарлағандай, пәтер иесін бір әйел өлтірген. Күдікті бірден ұсталды. Полиция күдіктінің өзіне қол салғысы келгенін растады.

«Ол өзіне қол салмақ болды. Бірақ, полиция алдын алып үлгерді. Қазіргі таңда күдікті қамауда отыр. Аталған дерекке байланысты бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деді қалалық ІІД.

Еске сала кетейік, танымал актер Рахман Омаровтың бірінші әйелін пәтер жалдағандар өлтіргені туралы кеше хабарлаған болатынбыз.