08 ақп, 2017 сағат 18:12

Алматыда өткен Универсиада ойындары өз мәресіне жетті

Оңтүстік астанамызда өткен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындары ресми түрде жабық деп жарияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қорытынды сөз Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа берілді. Ол бюджет қаражатын үнемделсе де, 28-ші Қысқы Универсиаданың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Сондай-ақ үкімет басшысы ойындарды миллиардтан аса телекөрермен мен жанкүйердің қарағаны жайлы мәлімет келтірді. "Қазақстан командасының жетістігін ерекше атап өткім келеді. Сіздердің жеңістеріңізбен мақтанамыз, барлығыңызды құттықтаймыз", - деді Сағынтаев.

Халықаралық студенттер спорты федерациясының басшысы Олег Матыцин болса, Универсиаданың тарихында бұрын-соңды залға лық толған халықты көрмегендігін қуанышпен жеткізді.

«Қайырлы кеш Алматы! FISU халықаралық студенттер спорты федерациясының атынан қысқы Универсиаданы жоғары деңгейде өткізгені үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және ұйымдастыруға атсалысқан барша халыққа ризашылығымды білдіргім келеді. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке және спорт сүйер қауымға алғысым шексіз. Спортшылар мен еріктілерге қолдау танытқандарыңыз үшін рахмет деймін. Универсиаданың тарихында бұрын-соңды залға лық толған осыншама көрерменді көрмегенмін. Бұл, әрине сіздердің спортқа деген ынта-жігерлеріңіздің жоғары екендігінің айқын дәлелі. Үлкен рахмет!», - деді ол жабылу салтанатында.

Сондай-ақ, ол спортшылар мен ұйымдастырушылардың бәсекеге қабілеттілігінің жоғары екендігін тілге тиек етті.

«Спортшылар мен ұйымдастырушылардың бәсекеге қабілеттілігі қысқы Универсиаданың мәртебесін жоғарылатты, Алматы мен Қазақстанға өз пайдасын берді. Менің ойымша, бұл ойында ешкім жеңілген жоқ. Алматыда өткен қысқы Универсиада-2017 баршамыздың үлкен тәжірибе жинақтауымызға мүмкіндік берді. Бұл жерде қаншама дос таптық. Ендеше, барлықтарыңызды айтулы доданың жабылу салтанатымен құттықтаймын. Сіздерді 2019 жылы Красноярскіде өтетін қысқы Универсиадада асыға күтемін. 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы ресми түрде жабық деп жариялаймын!», - деп түйіндеді өз сөзін Олег Матыцин.

Шара барысында Оңтүстік астана Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) алауын ойындарды 2019 жылы күтіп алатын Красноярға өткізді.

Ал, Алматы әкімі Бауыржан Байбек Красноярға Универсиаданы 2019 жылы лайықты деңгейде өткізуді тілеп, тәжірибе бөлісуге уәде берді.

Еске салайық, Универсиаланың медальдар есебінде Қазақстан 36 медальмен екінші орын алды - 11 алтын, 8 күміс және 17 қола медальдар. Бірінші орынды 29 алтын, 27 күміс және 15 қола медаль жеңіп алған Ресей құрамасы алды.