09 сәу, 2020 сағат 14:15

Алматыда науқастармен байланыста болған 2 адамнан коронавирус анықталды

Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова коронавируске шалдығудың жаңадан анықталған жағдайлары туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, 9 сәуірдің осы уақытына дейін Қазақстанда індетті жаңадан жұқтырған 37 адам тiркелді. Оның ішінде 2 адам Алматы қаласында анықталды.

«Коронавирус жұқтырған соңғы 2 науқасқа келер болсақ, бір адам Санкт-Петербургтен келген науқаспен байланыста болған. Екіншісі де ауырған адаммен қарым-қатынас жасаған. Бүгінгі күні қалада стационарлық карантинде 877 науқас, үйдегі карантинде 5 217 адам бар. Жұқпалы аурулар ауруханасында 211 адам, провизорлық стационарда 301 адам, карантин госпиталінде 388 адам жатыр», - деді Айзат Молдақасымова онлайн-брифинг барысында.

Сонымен қатар, ол Алматыда карантин режимі енгізілгеннен бері коронавирусты жұқтыру саны төмендегенін атап өтті.

Соңғы ресми деректерге сәйкес, Алматыда COVID-19 жұқтырғандардың саны - 121.