18 қар, 2019 сағат 13:52

Алматыда мүгедек студент жатақханада соққыға жығылды

Алматыда Тұран университетінің мүмкіндігі шектеулі студенті Самат Рамазановты жатақханадағы көршісі соққыға жыққан, – деп хабарлады «Help Today» қорының жетекшісі Эльмира Әлиева Facebook парақшасында.

«Біздің қорымыздың қызметкері, студент Самат Рамазановты Тұран университеті жатақханасындағы көршісі соққыға жыққан. Самат көршісінен терезені ашпауын, темекі шекпеуін өтінген. Содан екеуінің арасындағы сөз таластың арты төбелеске апарған. Саматты Өсеров ұрып жыққан. Бұл оқиғадан соң жатақханаға екі рет жедел жәрдем шақырылған» деді Эльмира Алиева.

Самат Рамазанов Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталығының балалар онкологиясы бөлімінде сайқымазақ болып жұмыс жасайды. Туабітті тұқымқуалайтын мукополисахаридоз дертімен ауырады. Қазір Самат Рамазанов Бостандық ауданы полиция басқармасына арызданып қойды.

Бұл деректі қалалық Полиция департаменті растады.

«Рамазановтың арызын Бостандық аудандық полиция басқармасы қабылдап алды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу аясында сот медициналық сараптама тағайындалады. Сараптама қорытындысына сәйкес процессуалды шешім қабылданатын болады» деді қалалық Полиция департаментінен.

Ал дәрігерлер Саматтың жағдайын орташа деп бағалап отыр.

«Пациенттің басы жарақаттанған. Бетінен соққы алған. Қажетті медициналық көмекті қабылдап жатыр. Нейрохирургиялық бөлімге жатқызылды» деді қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасынан.