03 сәу, 2020 сағат 10:53

Алматыда коронавирусты ең көп адамға жұқтырған 7 науқас белгілі болды

Алматыда 7 адам коронавирус инфекциясын ең көп адамға жұқтырған. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, жүргізілген талдауларға сәйкес Алматыда 7 адамда КВИ патогенді-агрессивті формасы анықталған. 

«Олар ең көп адамға жұқтырған. Көпшілігінің ауруы орта дәрежеде. Ал қалғаны жеңіл формада өтіп жатыр. Сонымен қатар алматылықтар арасында симптомы білінбей өтіп жатқандар да болуы мүмкін. Сол үшін қазір қаладағы барлық ЖРВИ, тұмау, өкпенің қабынуымен түскен науқастардың барлығын коронавирус инфекциясына тексеріп жатырмыз. Ересектер арасында осындай 1 жағдай тіркелді. Пневмониямен түскен адамнан инфекция табылды. Кеше 13 бала тексерілді. Оның 5-інде талдау расталмады. Қалғаны әлі тексеріліп жатыр. 5 науқастың 3-інде коронавирус инфекциясы ауырған адамдардан жұққан болса, екі адамның ауруды қалай жұқтырғаны белгісіз болып отыр», - деді Айзат Молдақасымова. 

Департамент басшысы қала тұрғындарына белгіленген 14 күн карантинді сабырмен өткізуге шақырды. 

«Не үшін біз 14 күн деп аламыз? Себебі бұл инфекцияның инкубациялық кезеңіне сәйкес келеді. Бізде бір науқас болды. 14 күн карантинде жатқанда тест үнемі вирус жоқтығын көрсетіп келіп, 12-тәулікте бір-ақ көрініс берген. Сондықтан, 14 күн шыдау керек», - деді А.Молдақасымова.