01 сәу, 2020 сағат 10:58

Алматыда көпқабатты үйлер мен аулалар аптасына екі рет залалсыздандырылады

Алматыда залалсыздандыру жұмысына 70 бригада, 500-ден астам адам жұмылдырылды.

Бұл туралы Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқарма басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев онлайн– брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Мейіржан Отыншиевтың мәліметінше, Қазақстан бойынша ең көп тұрғын үй қоры Алматы қаласында. Оның құрамында 800-ден астам басқару органы қызмет көрсететін шамамен 8,5 мың көппәтерлі үй, 23,5 мың кіреберіс және 4 мың аула бар. 

«Осы жылдың 25 наурызынан бастап төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабтың шешімімен және Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ұсынысына сәйкес мамандандырылған компаниялар тұрғын үй қорын жаппай залалсыздандыруды бастады. Жұмыстың көлемінің үлкен болатынын ескере отырып барлық аудандарда залалсыздандыру үш күнге бөлініп, олардың жалпы санының кемінде еңбек күніне 33% қамтылады. Осылайша көпқабатты үйлердің кіреберістері мен аулалары кестеге сәйкес аптасына екі рет дезинфекцияланады», - деді ол. 

Сондай-ақ, ол жұмыс кестесін жариялау бойынша бірқатар түзету енгізілгенін айтты. 

«Бұл жұмыстар өткен аптада басталған, залалсыздандырудың бірінші кезеңінің тәжірибесін ескере отырып, оларды түзеттік. Енді кестелер әкімдіктің сайты мен әлеуметтік парақшаларында қолжетімді. Сонымен қатар үйдің кіреберістерінде және ақпараттық тақтада орналастырылған», - деді Мейіржан Отыншиев. 

Қазіргі уақытта жұмысқа күніне шамамен 70 бригада, 500-ден астам адам жұмылдырылған. 

«Өңдеуде қолданылатын өнімдер сертификатталған және адамдар мен үй жануарлары үшін қауіпсіз. Олар вирустың қоздырғыштарына, жедел респираторлы вирусты инфекцияларға қатысты микробқа қарсы белсендікке ие. Медициалық ұйымдарда, мектептерде және балалар мекемелерінде бактериялық, вирустық, саңырауқұлақ этиологиясының, әсіресе қауіпті және карантиндік инфекциялардың ошақтарында профилактикалық, дезинфекциялық жұмыста қолданылады. Олар Қазақстан Республикасы және ЕАЭО аумағында қолдануға рұқсат етілген», - дейді ол.