25 қаз, 2019 сағат 09:22

Алматыда көңіл көтеру үшін көлік ұрлаған жас жігіттер ұсталды

Алматыда көңіл көтеру үшін бөтен автокөліктерді айдап кеткен 18 жастағы екі жігіт ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, Алматы облысының он сегіз жастағы екі тұрғыны жолда жарысып, дрифт ұйымдастырып, бөтен көліктерді әдейі бұзған. Екеуінің де жүргізуші куәлігі жоқ.

Сонымен қатар, күдіктілер көлікті кілт таңдап немесе бұрауыш арқылы ашқан. Олар ұрланған көлікпен адам аз жүретін жерлерде жарысып, дрифт жасаған. Көңіл көтеріп болған соң көліктерді жол жиегіне қалдырып кеткен.

«Алматыда ұсталған азаматтардың бөтен көлік құралдарын заңсыз иемдену фактісіне қатысы бары дәлелденді. Енді олар ҚР ҚК 200-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Олардың басқа да қылмыстарға қатысты бар-жоғы анықталып жатыр», - деді Алматы қалалық криминалдық полиция басқармасының бастығы Жанболат Зиадин.