16 қар, 2017 сағат 21:53

Алматыда ҚХА ІІІ халықаралық медиа-форумы өтті

2017 жылдың 17 қарашасында Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сананың ашықтығы» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының IIІ халықаралық Медиа форумы өтті.  

Форумның мақсаты – қоғамды жаңғырту және сананың ашықтығын қалыптастырудағы, ұлттық бірегейлікті нығайтудағы БАҚтың рөлін талқылау,    кәсіптік әдеп, сондай-ақ көп этносты қоғам жағдайында масс-медиа мәдениетін дамыту мәселелері.

Форумды ҚХА Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі  Д.Мыңбай кіріспе сөз сөйлеп ашып, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі А.Әжібаев, ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов құттықтау сөз айтты.

Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары,  ҚХА мүшелері,  мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары,  Германия, Латвия, Ресей, Өзбекстаннан шетелдік сарапшылар,  масс-медиа саласындағы отандық сарапшылар, республикалық және өңірлік  этномдени бірлестіктер БАҚтарының басшылары, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университетінің профессорлар-оқытушылар құрамы, Алматы қаласы жоғары оқу орындары журналистика факультеттерінің студенттері қатысты.

Кіріспе сөзінде Дархан Мыңбай шынайы ынтымақтастық прагматикалық және стратегиялық сипаттағы мақсатты көздейтінін,  саяси одақтар мен бірлестіктер, заманауи масс-медиа әріптестік келісімдер жасап, ақпарат алмасып, бірлескен форумдар өткізіп және шығармашылық одақтар құрып  ынтымақтасатынын атап көрсетті.

Журналистер қауымдастығының жұмылуының мысалы ретінде Төрағаның орынбасары Еуразиялық медиафорумды, таяуда құрылған Қазақстандық медиа Альянсты атады. Ол ҚХА этномәдени бірлестіктері шығаратын бұқаралық ақпарат құралдары бұл процестен тыс қалмайтынына сенім білдірді.

Медиа форумның жалпы отырысы  TEDx конференциясы форматында өтіп, шетелдік сарапшылар:  Константин Шамбер (Германия), Кирилл Привалов пен Роберт Францев (Ресей), Владимир Решетов (Латвия), Гульнора Абдуназарова (Өзбекстан), сондай ақ белгілі отандық БАҚ өкілдері: Ерлан Игісінов, Арманжан Байтасов, Айгүл Мүкей, Өркен Кенжебек және Махаббат Есен спикерлер болды.

Форум аясында  этномәдени бірлестіктері шығаратын бұқаралық ақпарат құралдарының көрмесі ұйымдастырылып, форум соңында  Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистика саласында жыл сайынғы «Шанырақ» шығармашылық конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау өткізілді.