26 мам, 2020 сағат 16:17

Алматыда ХҚО-лар жұмысына қайта кіріскен күні 12,5 мыңнан аса қызмет көрсеткен

Алматыда Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысына қайта кіріскен алғашқы күні 12,5 мыңнан аса қызмет көрсеткен. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қалалық филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова Facebook парақшасында жазды.

Кеше Алматы қаласының халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын қайта жандандырып, жаңа форматта қызмет көрсете бастады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коронавирус пандемиясы қаупінің сақталуына байланысты мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа форматын ұсынған болатын. Соған сәйкес азаматтар ХҚО-дан тек «қағаз жүзіндегі» қызметтер мен онлайн түрде рәсімделген қызметтердің нәтижелерін ала алады.

25 мамырда Алматы ХҚО-ларында таңғы 8-ден үлкен кезек пайда болды. Кезек күткен адамдардың соңы ғимараттың сыртына шығып кеткен.

«Алғашқы жұмыс күні қарбаласқа толы болды. Екі айдан бері мемлекеттік қызмет алуға қатысты мәселелері жинақталып қалған алматылықтардың кейбірі, ХҚО-ның жаңа форматтағы жұмысын ескермей, кезекті алдын ала брондамай келген. Оларға арнайы мамандар бөлініп, ХҚО ауласында смартфон арқылы бронь жасалды. Көпшілігі құжаттарының мерзімі өтіп кетті деп асығып келген», - деді Жаңыл Әпетова.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілі мерзімі өткен құжаттар 10 шілдеге дейін жарамды екендігін ескертті. «Электрондық қызметтерді үйінде алу мүмкіндігі жоқ адамдарға, Алматы қаласында 40-тан аса өзіне өзі қызмет көрсету секторлары ұйымдастырылған. Ал, цифрлық қызмет алуды меңгермегендер үшін Алмалы және Алатау аудандарында 2 цифрлық ХҚО жұмыс істеп жатыр. Мұнда мамандар онлайн қызмет алуды үйретеді. Жалпы, мемлекеттік қызметтерді ұсынудың қазіргі жаңа әдісі, ең алдымен қызмет алушы үшін өте ыңғайлы», - делінген жазбада.

Алғашқы жұмыс күні Алматы ХҚО-ларында 12,5 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың 70%-дан астамы алдын ала брондау арқылы қамтамасыз етілген. Қалғандары сол жерде бронь жасаған немесе операторлардың босағанын күткен.

Осылайша, Алматы қаласындағы 16 фронт-офис (оның екеуі цифрлық ХҚО), 5 мамандандырылған ХҚО, 2 Миграциялық қызмет көрсету орталығының алғашқы жұмыс күнінде 12542 адамға қызмет көрсетілген.

Фронт-офистерге жүгінген 7208 адамның 2558-і төлқұжаттары мен жеке куәліктерін рәсімдеген, 619 адам тұрғылықты жері бойынша тіркелген. Оның 475-і тұрақты, 144-і уақытша тіркеліп, 48 адам тұрғылықты жерінен есептен шыққан.

Мамандандырылған ХҚО-ларға жүгінген 3589 адамның 3012-сі көлік құралдарын тіркеу және қайта тіркеу, 577-сі жүргізуші куәлігін рәсімдеу қызметтерінің нәтижелерін алды.

Миграциялық ХҚО-ларда шетелдік азаматтарға 696 қызмет көрсетілген. Олардың 496-сы - еңбекке рұқсат алу, 149-ы - уақытша тікеуге тұру, 51-і ЖСН алу қызметтерін пайдаланған.

Алмалы және Алатау аудандарында ашылған цифрлық қызмет көрсету орталығына 1050 адам келіп, электрондық қызметтер алып, онлайн қызмет алу дағдыларына үйренген.

«Халыққа қызмет көрсету орталығына кезек уақытын egov.kz порталы, телеграм-бот eGovKzBot2.0 немесе 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы белгілеу қажет. Ескеретін жәйт, ХҚО-ға қатаң түрде белгіленген уақыт аралығында барған жөн. Себебі бронь уақыты өтіп кетсе, қайта брондау рәсімін жасау керек болады. Сонымен қатар бронь барысында тіркелген ЖСН иесі ғана электронды кезекті пайдалана алады», - деді Ж.Әпетова.

Алматы ХҚО-лары дүйсенбі мен сенбі аралығында, таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді.