28 мау, 2018 сағат 16:02

Алматыда «Фудмастер» компаниясының 3 күндік өнімі өртеніп кетті

Алматыда Қайрат шағын ауданында болған алапат өртте «Фудмастер» компаниясының 3 күндік өнімі өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сүт өндіру компаниясы өкілі Аида Сапарғазинованың айтуынша, тілсіз жау қаладағы нүктелерге жеткізілуі тиіс 3 күндік өнімді зым-зия етті.

«Сүт өнімдері түгел жанып кетті десек болады. Қазір шығын көлемін есептеп жатырмыз. Үш күн шамасында тауарларымыздың жеткізу кестесі бұзылады. Бірақ, компания басқа зауыттарға жүктемені ұлғайтпақ. Осы арқылы компания дүкен сөрелеріне жеткізілетін өнімді қамтамасыз етпек», - деді «ФудМастер» АҚ басқарма төрайымы Аида Сапарғазинова.


Сонымен қатар, компания өкілдері төтенше жағдайдың тұтынушыларға әсері болмайы деп сендірді.

Қойма кешенінің директоры Олег Чарлиннің айтуынша, қоймалардың бірінде дәнекерлеу жұмыстары жүрген. Алдын ала ақпарат бойынша өрт 7-қоймадан басталған.

«Сол жерде өндіріс орны болған. Түнгі уақытта дәнекерлеу жұмыстары жүргізілді ме жоқ па соны анықтап жатырмыз. Мұнда өрт дабылы, өрт сөндіру жүйесі жұмыс жасайды. Кәсіпкерлердің қауіпсіздігі үшін барлық шаралар қабылданған», - деді қойма кешенінің директоры.

Еске сала кетсек, төтенше жағдай бүгін таңға жуық болған. Өрттен ешкім зардап шекпеді.