03 қыр, 2019 сағат 19:01

Алматыда «Фариза» спектаклінің премьерасы болады

Қыркүйектің 5-6 күні М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «ФАРИЗА» спектаклінің премьерасы қойылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шыншыл да сыршыл өлеңдерімен жұрттың жүрегіне жол тапқан, адалдығы мен ақындығы тең түсетін, қайсар да қайталанбас талант иесі - Фариза Оңғарсынованың өмірі мен өлеңі туралы пьесаны драматург Роза Мұқанова жазды.

«Ол ақын, жазушы, шығармашылық адамы ретінде барлық құрметке лайық жан. Біз осы қойылым арқылы жастарға, оның замандастарына, ақынның шығармашылығын жақсы көретін адамдарға астральді дүние көрсеткіміз келеді. Біз үшін ақын Фаризаны ғана емес, әйелдің сезімін жеткізу маңызды», - деді идея авторы және жобаның бас продюсері - Айнұр Көпбасарова.

Оның айтуынша, пьеса қазақ тілінде қойылады, орыс тіліне ілеспе аударма жасалады.

«Қазан айында осы спектакльді Ресейдің үлкен сахнасында қоямыз. Қазақтың Фаризасын қазақстандықтар ғана емес бүкіл әлем таныса, білсе дейміз. Біздің бұл бастамамызды ҚР Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Нұрғалиұлы қолдады, мен оған ризашылығымды білдіргім келеді», - деп толықтырды жоба авторы.

Басты рөлдерде - «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина, театр және кино актерлері Қуандық Қыстықбаев, Лейла Бекназар-Ханинга және Ерлан Кәрібаев.

«Маған басты кейіпкердің рөлін ойнау туралы ұсыныс наурыз айында Айнұрдан түсті. Әрине, Фариза апайды, оның шығармашылығын білетінмін. Мен оны көрдім, біз бір дастархан басында да отырғанбыз. Ол кісі тік мінезді болатын. Бірақ ешқашан дайыс көтеріп қатты сөйлемейтін, өте нәзік жан еді. Ол өз ойын анық әрі ашық жеткізетін», - дейді актриса.

Қойылымның режиссері - Фархат Молдағали, спектакльді жұмбақ әрі мистикалық деп атады, өйткені олар ақынның ішкі әлемін көрсетуге тырысқан.

Спектакльдегі арнайы музыкалық композицияны композитор Ренат Гайсин жазды.

«Ол Фариза Оңғарсынованы таниды, жанында болды. Сондықтан болар, Ринат ақынның сезімін, табиғатын музыка арқылы жеткізе білді. Ол Мұқали Мақатаевты көрген жоқ. Десекте, бұл ақынның да жан дүниесін музыка арқылы көрсетті. Ол біздің заманымыздағы қазақтың екі ұлы ақынының мінезін, табиғи болмысын музыканың күшімен көрсете білді», - дейді продюсер.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қойылым басқа форматта көрсетіледі. Заманауи технологиялық құрылғылар көмегімен дайындалған видеоконтент, дыбыс арқылы әсерлеу, образға сай декорация, сахна көңіл-күйіне сәйкес арнайы жазылған музыка, саундтрек, әртістердің киім үлгісінің талғаммен тігілуі. Мұның бәрі - креативті шығармашылық топтың көрермендерге дайындаған сыйы.

Спектакль 16 жастан асқан көрермендерге арналған. Билеттерді касса операторларынан және театрдан сатып алуға болады.