06 қыр, 2019 сағат 22:45

Алматыда Фариза Оңғарсыноваға арналған спектакльдің премьерасы өтті

Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрында «Фариза» спектаклінің премьерасы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға арналған қойылым заманауи техниканың көмегімен сахналанды. Сыршыл да шыншыл ақынын сағынған жұрт қойылымнан үлкен әсермен шықты.

Идея авторы Айнұр Көпбасарованың айтуынша, жыр әлемінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген ақынды сахналау туралы ой үш жыл бұрын туған.

«Фариза Оңғарсынова қаншалықты жұмбақ адам болса, бұл қойылымның өзі соншалықты мистикаға толы. Өйткені Фаризаның жұмбақ дүниесін ашу - бір тылсым күш. Ол өз ішкі драмасын трагедиясын поэзияға, поэзиясын философияға айналдырған дара ақын», - дейді ол. 

Қойылымда заманауи технология қолданылған. Айтылар ой мен сөзге сай сахналық безендіру және композитор Ренат Гайсин жазған музыка көпшілік көңілін дөп басқандай. Продюсерлік орталықтың тапсырысымен пьесаны драматург Роза Мұқанова жазып шыққан. Ал басты кейіпкер - Фариза рөлін Әуезов театрының актрисасы Назгүл Қарабалина ойнады.

Қойылымның режиссері Фархат Молдағалиев атап өткендей, актерлар кейіпкерлердің портреттік бейнесін емес, ішкі жан дүниесін ашуға тырысқан.

«Спектакльдің ең бірінші ерекшелігі, бұл Қазақстанда болмаған жағдай - бес театрдың басын құрап отырған спектакль. Бұл жерде жаңа технологияларды қолдандық, жаңа, басқаша дыбыс шығаратын техникалық жағынан да өте жақсы жабдықталған спектакль», - дейді Фархат Молдағалиев.

Спектакль алғашқы қойылымынан-ақ көрерменнің көңілінен шықты. «Фариза» енді қазан айында Мәскеуде сахналанады.