16 сәу, 2019 сағат 14:22

Алматыда ер адамның қолындағы белгісіз зат жарылды

Алматыда 33 жастағы ер адам жарылғыш заттан зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдын ала белгілі болғандай, 33 жастағы жігіт таңғы 7:21-де ауруханаға жеткізілді.

Түскен кезде оған қосарланған жарақат, бас сүйегі мен миы шайқалған деген диагноз қойылды.

«Жарылыс салдарынан оның оң қолы мен сүйектері жарақаттанған. Басы мен кеудесін, мойнын 2-3 дәрежелі күйік шалып, 2-дәрежелі шок алған. Денесінің 10 пайызын күйік шалған», - деді №4 қалалық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі Дәурен Түсіпов.

Дәрігерлер пациенттің қолына шұғыл түрде  ота жасалғандығын жеткізді.

«Қазір пациенттің жағдайы ауыр. Қарқынды терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Шокқа қарсы терапия жүргізілуде», - деді Д.Түсіпов.

Полция оқыс оқиға туралы кейін ақпарат беретіндігін хабарлады.