20 там, 2019 сағат 11:37

Алматыда «Электронды балабақша» жүйесі енгізілмек


Биыл Алматыдағы мектепке дейінгі мекемелерде «Электронды балабақша» жүйесі іске қосылады. Бұл туралы Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова білім беру қызметкерлері форумында мәлім етті.

«Жаңа оқу жылында «Электронды балабақша» жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл жоба балалардың сабаққа келуін, олардың даму деңгейін онлайн-режимде бақылайды. Мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердегі ашықтықты қамтамасыз етеді», – дейді Г. Ходжабергенова.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың жеке секторда бақылау жүргізбеуінің салдарынан балабақшаларда түйткілді мәселелер туындап отыр.

«Білім басқармасы арқылы 2018-2019 оқу жылында жекеменшік балабақшаларға талдау және бақылау жүргізілді. Нәтижесінде мемлекеттік стандартты орындау, балаларды қабылдау, келісімшарт міндеттемелерін орындау, санитарлық жағдай мен балаларды тамақтандыруға қатысты бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Аталған мәселені шешу үшін үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңес өкілдерін мониторингтік топқа қосып, жекеменшік балабақшалардың қызметіне қоғамдық бақылау жүйесін енгізу қажет деп ойлаймын», – деп атап өтті білім басқармасы басшысы.  

Форумға Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және  Білім департаменті өкілдері қатысты. Жиында өткен жылға қорытынды жасалып, 2019-2020 оқу жылына арналған стратегиялық міндеттер айқындалды. Білім басқармасының дерегінше, биыл жекеменшік балабақшаларға 5 миллиард теңгеден астам мемлекеттік тапсырыс берілген.

Айта кетейік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздегі барлық балабақшалардағы құжат айналымдары, балабақшаға қабылдау және кезекке тұру процесі электронды форматқа көшіп жатыр.