10 там, 2017 сағат 08:11

Алматыда экс-министрдің үйінен 3 миллион доллар ұрланды - КТК

Экс-министр ұрланған 3 миллион долларын қайтара алмай жүр. Сұғанақтар бұрынғы туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовтің одан бөлек 50 мың еуросы мен құны 150 мың доллар тұратын бағалы сағатын да қолды қалған екен. Көп ұзамай күдікті де ұсталыпты. Бірақ, ұрлыққа еш қатысым жоқ деген ол енді өзінің кінәсіз екенін сотта дәлелдей алмай әлек. Бұл туралы КТК хабарлайды.

Басылымның мәліметінше, биыл дәл Наурыз мейрамында экс-шенеуніктің үйінен ірі көлемде ақша ұрланыпты. Бұл туралы құзырлы орындардың құжаты былай дейді: "Белгісіз тұлғалар өзгенің мүлкіне қол сұғарын біле тұра заңсыз жолмен ғимаратқа кіріп, бөлмеде орналасқан металл сейфті бұзып, сол жерден Досмұхамбетов Темірхан Мыңайдарұлына тиесілі ірі көлемдегі ақшаны ұрлап, сол арқылы айтарлықтай мүліктік зиян келтірген".

Қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бір адам қамауда отыр. Алайда, адвокаты оның ешқандай ұрлық жасамағанын айтады. Өйткені, іс бойынша ұрлыққа куә болған адам жоқ.

"Ол кісі үйде болған. Ол кісінің әйелі үйде болған. Ол кісі түнгі уақытта үйде ұйықтаған. Үйден шықпаған", - дейді адвокат Әлімжан Оралбай.

Ал Темірхан Мыңайдарұлы болса ұрылар түскен үй бауырына тиесілі екенін айтып отыр. Сөзіне сенсек, ағасы қалада болмай қалып, орнына полицияға өзі арыздануға мәжбүр болыпты. Десе де іс материалдары бойынша Досмұхамбетовтың өз аты тұр. Демек, экс-шенеуніктің есімі әлі талай сөз болайын деп тұр (Дереккөз: КТК).