29 нау, 2020 сағат 19:53

Алматыда COVID-2019 індетінен 7 адам жазылды

Алматыда коронавирустан ем қабылдаған тағы екі науқас жазылып шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, науқастардың бірі - әйел адам «Франкфурт –Нұр-Сұлтан – Алматы» бағыты бойынша ұшып келген. Ал екіншісі – «Мәскеу – Алматы» рейсімен келген ер адам. Екеуі де тиісті ем-дом шараларын алды. Олар енді медицина қызметкерлерінің бақылауында 14 күндік үй карантинінде болады.

Осымен Алматыда коронавирустан 7 адам жазылып шықты.

Қазір қалалық жұқпалы аурулар стационарларында барлығы 60 науқас коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. 

Жаңадан анықталған 9 науқастың алтауы инфекция жұқтырғандармен байланыста болғаны анықталды. Бір әйел адам 19 наурызда «Минск – Алматы» рейсімен, бір пациент «Дублин – Ыстанбұл – Алматы» бағытымен және бір адам «Ыстанбұл – Алматы» рейсімен ұшып келген. 

«56 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, 1 әйелдің жағдайы ауыр, 4-еуінің жағдайы орташа және 1 баланың денсаулығы жақсарып келеді. 

Жалпы алғанда бүгінгі күні провизорлық орталықтарда 1032 адам бар. Оның 122-сі – бала, 159 адам карантиндік оқшаулауда, 1514-і - үй карантинінде», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Қазақстанда барлығы 20 адам (Нұр-Сұлтан - 13, Алматы - 7) аурудан жазылған.