09 там, 2017 сағат 16:11

Алматыда болған жер сілкінісі қайталануы мүмкін - сейсмологтар

Сейсмологтар Алматыда бүгін таң ата болған жер сілкінісінің себебін айтты. Мамандардың сөзінше, мұндай оқиға қайталануы мүмкін, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Бүгін таңғы сағат 5-28-де болған жер сілкінісіне қатысты жиын өтеді. Қытайдағы жер сілкінісінен кейінгі афтершок саны (негізгі жер сілкінісінен кейінгі қайталанған толқындар) 40 шамасында болды. Бізге біреуі ғана келді», - деді «Сейсмология институты» ЖШС директоры Әнуар Боранбаев.

Оның айтуынша, жер сілкінісіне бірнеше себеп болған. Соның бірі - планеталардың (ғаламшарлар) қозғалуы.

«Гравитация деген ұғым бар. Ай шар ретінде Жерге тартылыс алаңын береді. Бұл Айдың тұтылғанынан емес, ғаламшарлардың қозғалуынан. Бұл жерде сыртқы фактор әсер етті. Мұнымен қатар, Орталық Азияда және Қытайдың жартысында 2-ден 6 баллға дейінгі сейсмикалық тербелістер болып тұруы ықтимал», деді Боранбаев.

Еске сала кетейік, 9 тамыз күні Алматыдан 485 шақырым қашықтықта сағат 05-28-де жер сілкінісі тіркелді.