05 мау, 2020 сағат 12:16

Алматыда биыл 56 мыңнан астам жұмыс орны құрылады

Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқарма басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы мен Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов халықты жұмыспен қамтуды жақсарту барысында атқарылып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз биылғы жылы барлығы 56 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Оның 26 мыңы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында орналасады», - деді Д.Әлкебайұлы.

Оның айтуынша, бос орындарға орналасу үшін жұмыс іздеушілер жұмыспен қамту орталығына бару керек.

«Орталық мамандары біліктілік бойынша қандай жұмыстың қажет екенін, қай ауданнан ұсынылғанын, жұмыстың ыңғайын жан-жақты қарастырып, вакансияларды ұсынады. Локациялық жағынан тұрғылықты мекенжайы назарға алынады. Әсіресе,көпбалалы аналарға қолайлы нұсқалар таңдалады», - деді ол.

Басқарма мәліметтеріне сәйкес, ағымдағы жылдың басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығына 27 мыңнан астам адам жұмыс іздеп келген, олардың ішінде 13,5 мыңы еңбекпен қамтылды.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында кәсіпкерлер үшін 3 ынталандырушы тетік қолданылады. Бұл: қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары және жастар тәжірибесі.

«Егер кәсіпкер жұмыс іздеушіні қоғамдық жұмыстарға қабылдайтын болса, онда мемлекет әрбір жұмысқа тұрған адам үшін жыл соңына дейін екі рет төменгі жалақы төлейтін болады. Ол әлеуметтік салықтарды ұстамағанда 85 мың теңгені құрайды. Қоғамдық жұмыстарға қамтылу ұзақтығы 12 айға дейін», - деп түсіндірді Н.Әбілшайықов.