15 қар, 2018 сағат 12:36

Алматыда автобус отқа оранды

Алматыда №137 автобус өртенді. Оқыс оқиға туралы қалалық ТЖД-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Өрт сөндіру қызметінің кезекші бөліміне таңертең сағат 9.21-де Шұғыла шағын ауданында Нұрлы және Сәбденов көшелерінің қиылысында автобус өртеніп жатқаны туралы хабар келіп түскен.

Белгілі болғандай, №137 бағдардағы автобустың артқы дөңгелегі жана бастаған.

Өрт 9:39-да ауыздықталып, 09:59-да сөндірілді. Тілсіз жау 20 метр аумақты шарпыды. Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ.

«Алматыэлектротранс» компаниясы өртенген атвобусқа қатысты түсініктеме беріп үлгерді.

Тасымалдаушы компанияның хабарлауынша, автобус парктен шыққанда ақаусыз болған.

«Бүгін таңертең №137 маршрут автобусы парктен шыққанда, ешқандай техникалық ақау байқалмады. Жолда жолаушыларды салонға кіргізбей тұрғанда көліктің артқы дөңгелегі тұтана бастаған. Жүргізуші инструкцияға сәйкес 101 нөміріне хабарласып, өрт сөндірушілерді шақырған. Сосын өрт сөндірушілер келгенше жолаушыларды алысқа бағыттап, өрт сөндіру баллонының арқасында өртті өзі сөндірген. Көлік өртенгенде салонда жолаушылар болмаған», - деді тасымалдаушы компанияның баспасөз қызметінен.

Әзірге өрттің шығу себептері белгісіз. Қазір соны анықтауға арнайы тексеру тағайындалды.