06 қар, 2019 сағат 12:08

Алматыда Әуезов театрының қасбетін жаңартудың тағы бір нұсқасы қаралды

Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ғимаратын қайта қалпына келтіру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сәулетші Берік Молжігіттің жобасы талқыланды, онда негізгі фасадтағы мәрмәр плиталарды әйнек витраждарымен алмастыру арқылы жаңарту ұсынылды. Сәулетшінің айтуынша, ашық витраждар театрдың ішкі әлемін қала ортасымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Витраждардың артында театр галереясы театрға келген алматылықтардың бос уақытын өткізетін жаңа қоғамдық демалыс орны ретінде жұмыс істейді», делінген Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының желідегі парақшасындағы жазбада.

Сонымен қатар, жобаның алғашқы авторы Ораз Баймырзаев театр ғимаратының бой көтергеніне жақында 50 жыл толатынын атап өтті.

«Ұсынылған нұсқаның конструктивті кемшіліктері де бар. Витражға ауыстырылатын секция ұзындығы 4,8 метр сыртқы фасадтың консолін көтеріп тұр. Менің ойымша, классикалық театрдың ғимараты витражсыз болуы қажет, өйткені әрқашан театрдағы қимыл-құбылыс құпиясы сақталу керек», - деді ол.

Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахметжанов ұсынылған витраждары бар нұсқа республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштің келбетін бұзатынын айтты.

«Жоғары технологиялық материалдарды қолданып, ғимараттың қасбетін бастапқы келбетінде сақтау керек. Қасбетті қалпына келтірудің басқа нұсқаларын да қарастыру қажет», - деді Алмасхан Ахметжанов.

Айта кету керек, 1 қарашада театрдың жаңа келбетіне қатысты алғашқы ұсыныстан Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы бас тартты, Мұндай шешім театрдың тарихи бейнесін сақтау қажеттігіне байланысты қабылданды.

«Театр ғимаратының сәулеттік келбеті тұтастай алғанда сақталуы тиіс. Осыған байланысты қолданылатын материалдардың күндіз және түндегі көрінісін көрсете отырып (3D түрлерін), түрлі-түсті шешімде қасбеттердің басқа нұсқасын ұсыну қажет», - деп мәлім етті басқармадағылар.

Айта кетейік, Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы театрды қайта жаңғырту жобасын әзірлеушімен жұмыс кездесуін жалғастырады. Аумақты абаттандыру мәселелері жеке кездесуде қабылданатын болады, оның қорытындысы басқарманың ресми сайтында жарияланады.