13 сәу, 2018 сағат 12:16

Алматыда аш-жалаңаш отырған балалар полиция қызметкерлерін шошытты

Алматыда ювеналды полиция қызметкерлері тексеріс барысында тұрмысы нашар отбасын анықтады. Бұл отбасындағы үш жастағы балалар кір киіммен, аш күйде табылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Полицияның мәліметінше, тұрмысы нашар отбасы Алмалы ауданында тұрып жатыр. Инспекторлар келген сәтте 1978 жылы туған отағасы төсекте жатқан және бөтен адамдардың келгеніне еш елең етпеген. ІІД өкілдерінің сөзінше, ол қатты мас болған, ал жанында қыз және ұл бала ойнап отырған екен. Бұл кезде балалардың анасы үйде болмапты.

"Үй апатты жағдайда, барақ тәрізді. Үйде қоқыс шашылып жатыр. Балалардың үсті кір, аш жүр. 1977 жылы туған әйелдің, балалардың анасының сөзінше, ол жұмыста болған. Балалардың дені сау көрінеді, екеуі де үш жаста. Бұл оқиғаға байланысты қажетті шаралар қолға алынды. Өмірлеріне қауіп төніп тұрғандықтан Д. және А. есімді балалар қалалық Жасөспірімдерді бейімдеу орталығына жіберілді", - дейді Алматы ІІД-нің жергілікті полиция қызметі ювеналды бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Ләйлә Әліпбаева. 

Бөлім басшысының сөзінше, отбасы тұрмысы нашар ретінде алдын алу есебіне тіркелді. 

"Отбасы бақылауға алынды, назарда жүреді. Ата-анасы түзелуге уәде етті. Мұндай болмаған жағдайда ата-аналық құқынан айыру мәселесін көтереміз. Өйткені мұндай тұрмыс жағдайы - балалардың өмірі үшін үлкен қауіп", - деп атап өтті Әліпбаева. 

Ювеналды полицияның бұл сияқты біріккен шаралары барлық аудандарда тұрақты жүргізіледі, оның мақсаты - тұрмысы нашар отбасын анықтап, балалардың құқығын қорғау.