09 шіл, 2019 сағат 11:06

Алматыда ақын Мұстай Кәрім атындағы көше ашылды

Алматыда башқұрт ақыны Мұстай Кәрімнің құрметіне арналған көше ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.

Мамыр-4 ықшам ауданындағы бұрынғы Садовая көшесі, биыл 100 жасқа толған ұлы ақын Мұстай Кәрімнің есімімен аталатын болды.

Ашылу салтанатында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Спорт және мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова, башқұрт елінің ақыны, жазушы, драматург М.Кәрімовтің немересі Темірболат Кәрімов құттықтау сөз сөйледі.

«Енді Мұстай Кәрімнің аты біздің еліміздің мәдениет тарихында мәңгілікке жазылды. Бұл - бауырлас Башқұрт халқының жарқын өкілінің бай шығармашылық мұрасына, жоғары әдеби шеберлігіне деген құрмет. Мұстай Кәрім - ұлы ақын, жазушы, журналист, көрнекті қоғам қайраткері. Ол әлемдік әдебиетке үлкен үлес қосты. Оның шығармашылығы тек қана Башқұрт халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани мұрасы болып табылады және кітаптары әлемнің ондаған тіліне аударылған. Алматыдағы бүгінгі іс-шара Қазақстан мен Ресей, Башқұртстан және Алматы арасындағы мәдениетаралық қатынастардың дамуына үлкен серпін беретініне сенімдімін. Осы маңызды шарамен бәріңізді құттықтаймын», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.


Жазушының немересі, «Мұстафа Кәрім» қорының негізін қалаушы Темірболат Кәрімов  биылғы жыл оның отбасы үшін ерекше екенін атап өтті.

«Мұстай Кәрім Қазақстанды жақсы көрді. Ол Алматыға келгенді ұнататын. Себебі оның көптеген достары, жазушы, ақындар осы қалада тұрды. Оларды бауырластық қарым-қатынастармен, оқырмандарға деген үлкен  жауапкершілік байланыстырды. Талант аздық етеді. Ақының жүрегі таза, оқырманға деген  ықаласы зор болуы қажет. Мұстай Кәрім бұл қасиеттерді Мұхтар Әуезовтен үйренді. Қазақтың заңғар жазушысымен ол Мәскеуде кездесті, сондай-ақ Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов пен оның майдандас досы Әбу Сәрсенбаевтан сабақ алды», - деді ол.

Оның поэзиясы, прозасы, драматургиясы қазақ тіліне аударылды. Бұл игі іспен қазақстандық достары Жұбан Молдағалиев, Шерхан Мұртаза айналысты. Бүгінде Мұстай Кәрімнің шығармалары қазақ оқырмандарының жүрегінен орын алды.

«Ол қазақ халқының тазалығы мен кеңдігіне тәнті болатын. Оның қазақстандық  оқырмандарға алғысы шексіз еді. Сәбит Досанов Мұстай Кәрім қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай, ол туралы: «Ұлылар  қайтып келу үшін кетеді» деген мақала жазды. Бүгін ақынның жаны бізбен бірге. Ол әрдайым әсем, әдемі қалаға оралуды армандады. Сіздерге үлкен рахмет, - деді Темірболат Кәрімов.

Айта кетейік, іс-шараға ҚР-ның РФ Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің ақын-жазушылары, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.