05 мау, 2020 сағат 10:15

Алматыда 265 мың ағаш отырғызылады

Алматыда жасыл қорды сауықтыру бойынша жұмыстар жалғасуда , биыл 265 мың ағаш отырғызылады.

«Ағымдағы жылы 265 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Бірінші кезекте облысқа шекаралас орналасқан Наурызбай және Алатау аудандарына ерекше назар аударылатын болады. Қаланың Жасыл экономика басқармасының мәліметі бойынша 2019 жылы #JasylAlmaty акциясы аясында 135 мың жасыл желек отырғызылды. Ағаштар көпшілік жиналатын аумақтарға, оның ішінде мектептердің, ауруханалардың айналасына, «Мохнатка», «Көктөбе» тауларының бөктерлеріне, Атакенттің, Атлеттер ауылы мен «Алатау» театрының алаңдарына отырғызылады», деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Мамандар аудандардағы жасыл желекті санап шықты. Ең жасыл елді мекен Медеу ауданында 472 мыңнан астам ағаш бар. Ал, Наурызбай және Алатау аудандарында шамамен 202 мың және 179 мың ағаш өсіп тұр. Жасылдандыру бойынша екінші орынды Түрксіб ауданы иеленген, мұнда 431,5 мың түп ағаш бар. Бостандық ауданында 380 мың ағаш өсіп тұр. Ал, Әуезов ауданындағы ағаштар саны 100 мыңға кем, яғни 255 мыңға жуық. Жетісу ауданында 220 мыңнан астам, ал Алмалы ауданында 213 мың ағаш бар.

Айта кетерлігі, тек көпшілік қолданатын жердегі ағаштар ғана саналды. Яғни, жеке аумақтардағы, зираттардағы, республикалық маңызы бар жерлердегі жасыл желек қосылмаған. 

Қалада барлығы 2,352 млн ағаш бар. Олардың ішінде сауығып,жапырақтарын кеңге жайғандары 1,8 млн немесе 76,5 пайыз. Сондықтан ағаштарды зиянкестерден қорғау және сауықтыру үшін өңдеу жұмыстары жүруде. Препараттар ағаш жапырақтарын кеміретін және сорып тастайтын зиянкес құрттардан қорғауда. Бұл өңдегіш заттар - ұзақ мерзімді әрі қоршаған ортаға қауіпсіз.