09 сәу, 2020 сағат 18:01

Алматыда 26 мың жұмыс орны ашылады

Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 214 жобаны жүзеге асыру жоспарда. Мұнда 26 мың жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Алматы қалалық әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Атап айтқанда, жаңадан 9 мектеп бой көтереді. 13 білім мекемесіне қосалқы ғимарат салу жоспарда. 520 орынға арналған 3 балабақшаның құрылысы басталады және 95 мектепке дейінгі мекеме күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, №7 қалалық аурухананы тағы 64 төсекке кеңейту көзделген»,– дейді Рахат Шимашева. 

Сонымен қатар,ол бірқатар жобалар инженерлік-көлік инфрақұрылымын, ТКШ желілерін кеңейту мен жаңғырту, аумақтарды абаттандыру мақсатында іске асырылатынын атап өтті.

«Мысалы, Наурызбай ауданында сумен жабдықтаудың жаңа желілерінің құрылысы басталады. Сондай-ақ, Алатау, Түрксіб аудандарында жол құрылысы жүргізіледі. Бүгінде барлық аудандардағы жолдарда орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, 363 аулаға күрделі жөндеу және қоғамдық аймақтарға абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 26 мың адам жұмыспен қамтылады»,- дейді Алматы қалалық әл-ауқат басқармасының басшысы.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске асырылғаннан кейін жаңа нысандардың құрылысы есебінен 2045 жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылады.