09 қаз, 2019 сағат 12:32

Алматыда 139 мың ағаш отырғызылады

Алматыда биыл 139 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық Жасыл экономика басқармасының бөлім жетекшісі Олжас Жаныспаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Орман отырғыз» шарасы 5 қазанда басталған.

«Бұл акция аясында Жасыл экономика басқармасы мен Іле-Алатауы Ұлттық паркі біріге отырып, Мохнатка тауында 50 мың көшет отырғызды. Сонымен қатар, Көк төбе тауында 30-40 мың «Сиверс» алмасының көшеті, «Атакент» іскерлік орталығы мен «Атлетикалық ауыл» маңайында 5 мың ағаш отырғызылады. Қаладағы 110 мектептің маңайында емен, үйеңкі, қарағаш, қайыңның 4 мың көшеті отырғызылады. «Саялы», «Зерделі» шағын аудандарында 3000 ағаш отырғызылады. Осылайша жалпы алғанда Алматы аумағында 139 мың ағаш отырғызу көзделген», - деді Олжас Жаныспаев.

Спикердің айтуынша, қаладағы ағаш саны 10 жыл ішінде біршама өскен.

«2010 жылы жалпы қолданыстағы территорияларда 1,5 млн ағаш бар болса, 2018 жылы жүргізілген инвентаризация бойынша 2 млн 135 мың ағаш саналды», - деді Олжас Жаныспаев.