05 там, 2020 сағат 12:52

«Алматы Жастары 3.0»: енді қалалық тіркеудің қажеті жоқ

«Алматы жастары 3.0» бағдарламасының шарттары барынша жеңілдетілді. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram–дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлеуметтік салада жұмыс істейтін жастарды, соның ішінде мұғалімдер, дәрігер, мәдениет және БАҚ саласының қызметкерлерін қолдау үшін «Алматы жастары 3.0» бағдарламасының шарттары барынша жеңілдетілді. 

Жылдық мөлшерлеме 5%, бастапқы жарна 10%, несиелеу мерзімі 25 жылға дейін. Жас ерекшелігі 35 жастағы азаматтар»,– деп атап өткен әкім.

Сонымен қатар, ол жыл басынан бері төлем қабілеттілігін растау үшін 1035 адам жолдама алғанын атап өтті.

«Жыл басынан бері төлем қабілеттілігін растау үшін 1035 адам жолдама алды. Қалада тіркеуінің болу керектігі туралы талап алынғаннан кейін тағы 526 азамат жолдама алса, 457-сі резервке енгізілді. Бірінші кезең бойынша өткен жастар өздеріне пәтер таңдап алды. Айта кету керек, тұрғын үйді бастапқы және екінші нарықтан таңдау құқығы бар. Жастарға қамқор болу – басты міндеттеріміздің бірі. Қаланың негізгі әлеуеті әрі Алматының қозғаушы күші мен жасампаз энергиясы – Сіздерсіздер, жастар», – деп жазды Бақытжан Сағынтаев.