21 мау, 2018 сағат 12:14

Алматы және Ақтөбе қалаларында көші-қон қызметі оңтайландырылмақ

Миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығы жақында Алматы мен Ақтөбе қалаларында ашылады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» КЕАҚ Басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов хабарлады.

«Біз әрқашан да халыққа жақынбыз. Олардың көші-қон саласындағы қызметтерді сапалы әрі жайлы алуы үшін пилоттық жоба ретінде Астанада ашқан болатынбыз. Бұған қоса, шетел азаматтары Қазақстанда құжат алу жеңіл екенін сезініп, оларға барлық жағдай жасалатынын көру керек. Біз мұның бәрін оңтайландырып, жеңілдеттік. Алдағы уақытта миграциялық ХҚКО-ны Алматы және Ақтөбе қалаларында ашу жоспарда бар», – деді А. Оспанов.

Сондай-ақ, ол миграциялық ХҚКО-да құжат рәсімдеу үшін кететін уақыттың азайғанын да тілге тиек етті.

«Бұрын ЖСН-ді алу үшін Салық комитетіне, медициналық сақтандыруды алу үшін емханаға, өмірін сақтандыру үшін сақтандыру компаниясына барып көп уақыт жұмсайтын. Ал, бүгінде барлығы бір жерге шоғырланды», – деп түйіндеді төраға.

Айта кетейік, қазіргі таңда миграциялық ХҚКО Астанада бар. Ол пилоттық жоба ретінде 2018 жылдың 12 қаңтарында ашылған болатын. Онда шетелдік азаматтарға барлық қызмет көрсетіледі. Бұрын бұл қызметтерді алуға 5 күн кетсе, қазір осы жерден 1-2 сағаттың көлемінде қол жеткізе алады.

Естеріңізге сала кетелік, ХҚКО 2007 жылы төрешілдік пен әкімшілік кедергілерді жою мақсатында қазақстандықтарға бір терезе қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету үшін құрылды.  Барлығы үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, түрлі органдардың құжаттарын дайындау жөніндегі қызметтерді бір жерде алу мүмкіндігін жасау, сондай-ақ құжаттарды орындаушы мен азаматтардың арасында тікелей байланысты болдырмау ХҚКО ның басты оң қасиеттеріне айналды. Елбасы тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан «бір терезе» жобасының тиімділігі  толық дәлелденіп отыр.

Сонымен қатар бүгінде  ХҚКО арқылы ақылы қызметтер көрсету жұмысы қарқынды жүруде. Алдағы уақытта да бұл қызметті барлық тұтынушылар пайдалана отырып уақыт үнемдеп тез арада құжаттарын дайындатып алуына болады. Қызмет  жеке және заңды тұлғаларға көрсетіледі.ХҚКО әрі қарай да халыққа жемісті еңбек ете бермек.

Байсеитов Арнат