#
#
Cәрсенбі 21/08/2019

Алматы соты қырғызстандық экс-депутатты 10 жылға түрмеге кесті

  • 24.04.2019
  • 0
  • 799

Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулун "шекарадан контрабандалық тауар өткізбек болды" және "трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты" деп танып, 10 жыл түрме жазасын кесті. Сот экс-депутатты елден шығарып, 5 жыл Қазақстанға кіруге тыйым салды.

Экс-депутат жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейді. Судья Бақытхан Бәкірбаев Асылбекуулуның жазаны өтеу мерзімін қамауда алынған сәтінен - 2018 жылдың 15 ақпанынан бастап есепке алуды үкім етті.

Сот Қырғызстанның тағы екі азаматын - 39 жастағы Уланбек Мурадилов пен 34 жастағы Шыңғыс Абакироваты "ұйымдасқан топқа қатысы бар" деп тапты.

Жалпы сотқа тартылған 12 адамның қалғанына үкім оқып жатқанда айыпталушылардың туыстары "Масқара!" деп айқайлап, сотқа наразылық білдірді. Артынша айыпталушылар төбелесіп қалды да, судья Бәкірбаев залда отырғандарды шығарып жібермек болды. Бірақ судья талабы орындалмай, арты дауға ұласқан соң Бәкірбаев үзіліс жариялап, залдан өзі шығып кетті.

Жарты сағатқа жуық уақытқа созылған үзілістен соң сот залына адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар, журналистер қайта шақырылып, үкім оқу жалғасты.

Судья үкімі мынадай:

  • Есбол Жапбасов 14 жылға сотталды.
  • Уланбек Мурадилов 10 жылға сотталды. Қазақстаннан шығарылып, елге кіруіне 5 жылға тыйым салынды.
  • Шыңғыс Абакиров 10 жылға сотталды. Қазақстаннан шығарылып, елге кіруіне 5 жылға тыйым салынды.
  • Мадияр Нұрманов 3 жылға сотталды.
  • Мұхит Тыныбаев 3 жылға сотталды.
  • Данияр Қожамқұлов 3 жылға сотталды.
  • Нұрғали Әуелбеков 3 жылға сотталды.
  • Досбол Жаппасов 5 жылға бостандығы шектеліп, сот залынан босатылды.
  • Мұхит Қазақпай 5 жылға бостандығы шектеліп, сот залынан босатылды.
  • Санжар Сәулембаев 5 жылға бостандығы шектеліп, сот залынан босатылды.
  • Қуаныш Байгелов 5 жылға бостандығы шектеліп, сот залынан босатылды.

"Айыпталушылар әрекетінен Қазақстан экономикасына 99 миллион теңгеден аса залал келді" деп соманың өндірілуін талап еткен Алматы кіріс департаментінің шағымы жеке азаматтық істе қаралуы керек" деді судья.

Прокурорлар актісінде Асылбекуулуның 2016 жылы қарашада "депутаттық қызметін пайда табу және заңсыз баю мақсатына пайдаланып, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны" айтылған. Прокурорлардың сөзінше, ол қылмыстық топты "Қырғызстаннан Қазақстан мен Ресейге заңсыз тауар жіберу үшін басқарған".

Айыптаушылар Дамирбек Асылбекулуун 13 жылға соттауды сұраған.

Дамирбек Асылбекуулу 2018 жылы 15-16 ақпан күндері сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысында өткен арнайы операция барысында ұсталған. Онымен бірге ұсталған 34 адамның арасында кеден органдары, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер болған. Ұсталғандардың үшеуі – Қырғызстан азаматы.

Бұл іс бойынша Асылбекуулунан өзге 11 адам сотқа тартылған.

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты 17 ақпанда Қырғызстан азаматтарын екі айға тұтқындау туралы шешім шығарып, кейін қамау мерзімін бірнеше рет ұзартқан. Сот барысында Дамирбек Асылбекуулу Қазақстан азаматтығынан айрылғаны белгілі болды.

Азаттық

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар