26 нау, 2020 сағат 12:18

Алматы саябағындағы кептерлер неден қырылуы мүмкін: министрліктің жауабы

Алматы саябағында қырылған кептерлер уланған болуы мүмкін.

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кептерлердің жаппай өлімін қала тұрғындары әлеуметтік желіде жариялаған болатын. Оқиға 28 панфиловшылар паркінде болған. 

«Бүгін, яғни 26 наурызда Алматыдағы 28 Панфиловшылар паркінде кептерлердің қырылуына байланысты Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің облыстық инспекциясы мен ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау мен қадағалау территориалдық инспекциясы қызметкерлері, қалалық ветеринарлық қызмет, қалалық Кәсіпкерлік пен инвестициялар басқармасы, Зоология және абаттандыру Институты мамандарынан арнайы комиссия құрды», - деді Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында. 

Комиссияның жүргізген сараптамасына кептерлер өлген жерде мұның алдында аумағы 100 шаршы метр мұз айдыны болған. Сол жерде барлығы 30 кептер өлген.

«Құстар уланған болуы мүмкін. Комиссия мүшелері кептерлердің денесін зертханалық зерттеу жүргізу үшін алды. Құстардың өліміне не ықпал еткені зерттеулерден соң белгілі болады», - деді С.Ділдахмет.