10 қыр, 2019 сағат 12:25

Алматы полициясы елімізде заңсыз жүрген 177 шетелдікті ұстады

Алматыда заңсыз жүрген шетелдіктерді анықтауға арналған «Заңсыз келімсек-2019» жалпыұлттық жедел алдын алу шарасы басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Акция мегаполисте заңсыз жүрген адамдарды анықтауға және заңсыз көші-қон арналарын тоқтатуға бағытталған. Іздестіру жұмыстары 9 қыркүйектен 12 қыркүйекке дейін жалғасады.

«Рейдтің алғашқы күнінде ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 235 адам анықталып, жауапқа тартылды. Оның 177-сі - шетел азаматтары. 46 адамның елде жүріп-тұру мерзімі қысқартылды. 54 азамат сот шешімімен елден шығарылды. Қабылдау және тарату орталығына құжаты жоқ 64 шетелдік орналастырылды. Шетелдіктердің Қазақстанда жүріп-тұру заңдылығын қамтамасыз етпегені үшін 46 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге, 12 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін жауап береді», - дейді Алматы қалалық полиция департаментінің көші-қон қызметінің бастығы Асхат Бутунчинов.