09 мам, 2017 сағат 16:48

Алматы облысының әкімі ардагерлерге ән салып берді (видео)

Бүгін Талдықорған қаласында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі кеңінен аталып өтілді. Мерекелік шараның басында Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бірге облыс әкімі Амандық Баталов Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қойды. Мерт болған майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, әскерилер аспанға от атты. Мұнан кейінгі мерекелік шаралар «Жастар» саябағында жалғасты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Саябақ сахнасында көрермендерге соғыстың сұрапыл жылдарынан «Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты театрландырылған көрініс ұсынылды. «Мәңгі өлмейтін полк» салтанатты шерумен сап құрап жүріп өтті.

Көпшілікті Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов:

- Бұл Жеңіс біздің батыр әкелеріміз бен аталарымыздың қаһармандық ерлігінің, тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болды. Бұл қастерлі Жеңіс күні – аға ұрпақтың өшпес ерлігінің, ерен еңбегінің мәңгілік символы! Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де - Ұлы жеңістің жемісі, - деп Отан үшін жанын пида еткен жауынгерлерімізді жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету біздің, яғни кейінгі ұрпақтың ең басты парызы екенін атап өтті.

«Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт тілеймін. Жеңістің туы желбіреп, еліміздің абыройы арта берсін!» – деп ізгі тілегін жеткізді.

Сөзінің соңында облыс әкімі А. Баталов ардагерлердің құрметіне арнап Владимир Высоцкийдің сөзіне жазылған «Он не вернулся из боя» атты әнді орындап берді.

Мұнан кейін сахнада Сүйінбай атындағы облыстық филармония мен «Талдықорған әуендері» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары, өзге де эстрада әншілері өнер көрсетті.

Облыс басшысы мерекеге орай ардагерлер үшін әзірленген Дала асханасында болып, ардагерлермен әңгімелесті.

Бұдан кейін мереке кешкілік жастарға арналған диско бағдарламамен жалғасып, көгілдір отшашумен аяқталады. 

видео: ҚазАқпарат