03 қар, 2016 сағат 12:53

Алматы облысындағы ырысты да, күрішті өңір

Еңбегі ерен елдің еңсесі де жоғары. Бұл тұрғыдан сөз қозғар болсақ елімізде атқарылып жатқан елеулі істер жетерлік. Тарихы терең, жері бай жетісулықтар Елбасы ұсынған «100 нақты қадамды» жүйелі жүзеге асыруда. Оны біз жеріне қыдыр қонып, бақ дарыған Балқаш ауданын аралау барысында аңғардық. Өңірлік коммуникациялар қызметімен бірлесіп ауданға ат басын бұрған бір топ тілшілер балқаштықтардың берекелі жұмысын көріп мақтанып қайтты. Татулықты ту еткен тұрғындар «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» ұйымшылдықпен ұтып тұр. Иә, аудан әкімі  Ғалым Тоқпейісовтың бас­тамасымен жұмысқа жұдырықтай жұмылған өңір өркенді істерімен өрлеуде.

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес Балқаш ауданында 19-қадам бойынша нақты жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама қоғамның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елімізді дамыған отыз мемлекеттің қатарына жетелейтіні анық. Атаулы құжатта  әрбір қазақстандықтың мүддесі қозғалған. Кәсіби мемлекет, қызмет, бизнес құрудың жолдары көрсетілген.

Аталмыш ауданда қай саланы алсақ та жеткен жетістіктері мен бағындырған биіктері ауыз толтырып айтарлықтай.  Аудан шырайы шалғайдан көз баурайды. БАҚ өкілдерін қарсы алған топ  Ұлт жоспарын жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстардың жайын айтып берді. Аймақ әлеуметтік көмек көрсетуімен қуантып,  бірлік пен тұтастықты дамытып, нығайтуға нық сеніммен кірісіп кеткен. Азаматтық белсенділіктер де биіктен көрініп, жастар саясаты жүйелі жұмыс атқарып, кәсіпкерлер жұмысы биіктен көрінуде.  Елбасы тапсырмасын тың серпінмен орындап, индус­трияландыру жобалары да жағымды жаңалықтармен жол бастауда. Әр кірген мекемеден іскерлік ахуалды сезіп, аймақты аралау барысында өркенді істердің көкжиегіне көз жүгірттік. Уақыт талабынан қалмай, дамудың жаңа мүмкіндіктерін тауып, терең өзгеріс­тер жасауға талпыныстары аңғарылды. Аудан орталығы Бақанастың экономикасы да ілгерілеп, өткен жылдарға қарағанда өзгерістері артып, кенжелеген тұстары қалыпқа келген. Ақмаржанымен мәлім өңірдің мәні кіріп, сәні арта түскен. Сөзімізді ресми деректермен дәйектеу үшін брифинг барысында аралаған нысандарға тоқталып өтсек.

Бүгінгі таңда байтақ өлке Балқашта 32 мыңға жуық тұрғын түтінін түтетіп отыр. Өндіріс ошақтарын аралауды Миялы ауылындағы «Динара Ранч» ЖШС-нің мал бордақылау алаңынан бастадық. Кешенде 10 мың бас ірі қара семіртілуде. Жалпы аумағы 27 гектардан асатын кешенге «Казагроқаржы» АҚ арқылы 1.5 млрд.  теңге қаржы жұмсалған. Бордақылаудағы ірі қараның 4800-ден астамы асыл тұқымды герефорд, абердин-ангус және етті бағыттағы қазақтың ақбас сиырлары. Кәсіпорын директоры Бақытжан Сатыбалдиевтің айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында 110 тонна ет сатылымға шыққан. Осы арада осыншама басқа қалай шөп дайындалады? деген сауал да туындауы мүмкін. Кешеннің еншісіндегі жерден бір жылда 10 мың тонна табиғи шөп, 16 мың тонна сүрлем, 9 мың тонна түрлі жем, 6 мың тонна құрғақ шөп шабылады. Оны дайындауға түрлі техникалар жұмылдырылған, жалпы айтқанда шөп жинау үшін керекті құралдармен толық қамтылған. Міне, соның арқасында ірі қара барынша семіртілуде. Сондай-ақ, мал баптауды жетік меңгерген 18 адам жұмыспен қамтылған. Қажыр­лы еңбектің өтеуі орташа 90 мың теңгені құрайды.

Бұл ретте кәсіпкерге қолдау көрсетіп келген аудан әкімдігінің де еңбегі ерен. Елбасының тапсыр­масын жүзеге асыру барысында Ақжар ауылдық округінде 3500 бас ірі қараны бордақылауға арналған «Жақсылық» шаруа қожалығының жоспары бекітіліп, кешен  құрылысы қарқын алған. Оған ұлттық қазынадан 850 миллион теңге бөлінбек. Дәл осындай қуантарлық жаңалықтар қатарын Бақбақты ауылдық округіндегі сүт-тауарлы кешені толтырып тұр. Сонымен қатар Береке ауылында орналасқан «Дарқан» шаруа қожалығы өз қаражаты есебінен 12 млн. теңгеге 200 бас малға арналған бордақылау алаңының құрылысын жүргізуде. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және агроөнеркәсіп кешені өнімдерін өндіру, жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану жобасы бойынша «Отбасылық бордақылау алаңдары» бағдарламасының аясында Бақбақты ауылдық округінде «Игілік-2009» шаруа қожалығының 30 басқа, жеке кәсіпкер «Кәусар» 50 басқа, Бақанас ауылдық округінен «Аңсар» шаруа қожалығының 40 басқа арналған отбасылық бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр.

Келесі кезекте ат басын өңір экономикасының дамуына серпін беріп, аудан тұрғындарын тұрақты түрде жұмыспен қамтамасыз еткен Ақдала ауылындағы «Өтес Био Азия» ЖШС-нің арнайы мал сою орнына бұрдық. Бұл кешен «Өтес Био Азия» ЖШС-нің үлкен құрылымының бір бөлігі екен. Мұнда тек мал сойып қана қоймай, бордақылайтын да қоражайлар бар. Онда 5 мың бас ірі қара семіртілуде. Жұмысын 2013 жылы бастаған кәсіпорын өнімі қазір сұранысқа ие. Нысанды салуға 250 млн. теңге қаражат бөлінген. Жүйелі жұмыс бүгінде жемісін беруде. Бас мал дәрігері Шахан Ауғанбаевтың айтуынша, бүгінде тәулігіне 40-50 бас ірі қара сойылуда. Қасапханадағы аппараттың бәрі соңғы технологияға сай. Пышақтардың жүзі жылтылдап, ет ілетін және оны тасымалдайтын техниканың бәрі сыртылдап жұмыс істеп тұр. Бұл  қасапшыларға аса ауырлық түсірмейді деген сөз. 

Кешенде 25 қасапшы тұрақты жұмыс атқарып, тер төгуде. Барлығы  ҚМДБ-нің арнайы халал сертификатын алған мамандар. Сондықтан болар, айнала мұнтаздай таза. Ет арнайы тоңазытқыштарда сақталады. Жалпы жетпіс ірі қара сиятын сақтау бөлмесі екіге бөлінген. Біз көргенде екеуі де толы болды. Сол арқылы өнімнің жоғары сұранысқа ие екендігін сездік. Мал сою бөлімінің жалпы аумағы 4 гектарға жуық. Кешен болашақта етті қайта өңдеуден өткізуді көздеп отыр. Оған арнайы бөлмелер бөлінген. Болашақта шұжықтан бастап көптеген ет өнімдері шығарылмақ. Ағымдағы жылдың алғашқы 9 айында 950 тонна ет сатылымға шыққан. Бұл үлкен көрсеткіш, кәсіп­орынның қарышты қадамынан хабар берді.

Аймақ ауылшаруашы­лы­ғымен айналысуға өте қолайлы. Сондықтан шаруаның негізгі еңбе­гі егін егіп, төрт түлік мал бағудан басталады. Егін егуге тұрғындар әбден машықтанған. Оның ішінде арпа, бидай, дәндік жүгері мен күріш сияқ­ты дақылдар бар. Жетісу­дың сулы да нулы бұл аймағы күріш өсіруге өте қолайлы. Қазақстанға осы арқылы танылып, еш тарығып көрмеген аймақтың жайқалған ақ күріші жоғары сұранысқа ие. Сөзіміз дәлелді болу үшін «Өтес Био Азия» ЖШС-нің аудан орталығында орналасқан «Өтес» күріш өңдеу зауытына бас сұқтық. Жұмысын 2003 жылы бастаған кешен қазір өңірімізді күрішпен қамтамасыз етуде. Құрылымы заман талабына сай. Озық үлгідегі неміс технологиясымен жабдықталған. Жанында лабораториялық мекемесі бар. Кешен жұмысы осыдан басталады. Сол арқылы күріштің түрін ажыратып, тегін тауып, ылғалдылығы мен сапасын анықтайды. Кешен директоры Дүйсенбек Нұрлановтың айтуынша мұнда тәулігіне 30 тоннадан астам күріш өңделеді екен. Бұл аппарат сағатына 3 тонна өнім шығарады. Зауытта техника тілін жетік білетін, күріш сапасын тексеруге машықтанған 21 адам қызмет істейді. Олардың орташа жалақысы 70 мың теңге көлемінде. Жұмыс тәулік бойы жүргізілетіндіктен екі ауысыммен жұмыс жасайды. Кәсіпорынға тиесілі 10 мың гектар суармалы жер бар. Онда жыл сайын 2000 гектарға күріш егіліп, өзге де дәнді дақылдар себіледі. Науқан кезінде аталған аумақтан орташа есеппен 6 мың тонна өнім жиналады.

Заман талабына сай көріктене түскен ауданның өнері де биік дәрежеде өренектеліп келеді. Оған ауданда 14 Мәдениет үйі, 15 кітапхана, 1 тарихи-өлкетану мұражайының халыққа қызмет көрсетуі дәлел. Мәдени ошақтардың материалдық-техникалық базасы да талапқа сай, заманауи технологиямен жабдықталған. Соның ішінде көзбен көргеніміз облыс әкімінің қолдауымен күрделі жөндеуден өткен  Бақбақты ауылындағы Мәдениет үйі. 1972 жылы іргесі қаланған Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге мемлекет қаржысынан 2 млн. 834 мың теңге бөлініп, базасы толық жаңартылған. Былтыр пайдалануға берілген өнер ордасының шығармашылыққа сусындаған тұрғындарға таптырмас мекеме болғандығын ішінің лықа толуынан байқадық. Табалдырығын аттағаннан-ақ биші қыздар көзге түсті. Мекемеде 3 үйірме жұмыс жасайды. Олар шығармашылықтың шыңдалуына сүбелі үлес қосып келеді. Үстіміздегі жылдың 9 айлық көрсеткіші бойынша мұнда 88 мәдени іс-шара ұйымдастырылған. Алдағы уақытта Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай үлкен шара өткізу көзделуде. Өнер ордасын аралатқан Бақбақты ауылдық округінің әкімі Зоя Жүнісбаева  мәдени жетістіктерге  де тоқталды. Атап өтерлігі, мұнда аптасына бір рет шара өткізу дағдыға айналған. Біз барған күні де аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға кезек берілді.

Әлеуметтік көмек те аудан жұртшылығын қуантып бағуда. Өңірдегі Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлеріне және тылда еңбек еткендерге, сондай-ақ, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандарға тиісті көмек көрсетілуде. Мүгедектерге де мүмкіндігінше жағдай жасалып, әлеу­меттік жәрдем алуы жолға қойылған. Әр тұрғынның жұмыспен қамтылуы қарас­тырылып, аз қамтылған отбасы мүшелеріне жүйелі көмек берілуде. Дәрігерлік қызметте өз дәрежесінде көрсетіледі екен. Мектеп пен балабақша да қалыпты жұмыс істейді.

Жастардың жаман жол­ға кетпеуі үшін Бояулы ауылындағы жастарға діни білім беретін ҚМДБ филиалы «Молдақасым ата мешіті» қасындағы қайырымдылық жеке мекемесі жұмыс жасауда. Қазіргі таңда мұнда 28 бала діни білімін жетілдіруде. Оқу орнының ерекшелігі – бітіргендердің басым бөлігі «Нұр Мүбәрак» университетіне арнайы жолдамамен оқуға түскен.

Бұл оқу орнының жастардың теріс діни ағымның жетегінде кетпей, дұрыс жолды ұстануына септігін тигізері анық, – дейді мешіт имамы Сәкен Сүйіров.

Күннің екінші жартысына белгіленген басқосуға қатысқан Ғалым Қасымұлы біз аралаған кешендер жайынан қысқа хабар беріп, ауыл тіршілігіне тоқталып, өз жұмысын қорытындылады. Аймақтың кешегісін сөз етіп, бүгінін баяндады. Тұрғындар тазалық пен абаттандыруға  аса мән берген. Күздің қара суығы болса да жайқалып тұрған жасыл желек соны ұқтыр­ғандай. Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы да жаман емес. Атқарылып жатқан басқа да іргелі істер жетерлік. Көптеген жемісті істің басын қайырып үлгерген аудан әкімі өз сөзінде жетістіктерге жетелеп, танымалдылыққа тақырып болған  күріш жайын ерекше айтып өтті. Бүгінгі таңда күріш өнімдері аймақтың түкпір-түкпірінде саудаланады. Ауданның спорттық жетістіктері де жаман емес. Оған Бақанас ауылындағы спорт мектебінің тигізер септігі көп. Білім шаңырағының түлектері «Қазақстан Рес­публикасының спорт шебері» атағын да еншілеп үлгерген. Спорттың қай түрінен болса да ауқымды жетістіктерге қол жеткен. Ауданнан 4 әлем жүлдегерінің, 2 Азия чемпионының, 1 Орталық Азия чемпионының шығуы спорттың аймағы үшін бас­ты орында екенін көрсетеді. Ауданда ауылшаруа­шылық және басқа да жер телімдерін пайдаланбай немесе иесіз бос қалдыр­ған шаруа қожалықтарының жер телімдерін түгендеу жұмыстары жүргізілуде.  Жер телімдерінің пайдаланылуы үнемі бақылуға алынып отырады. Өткен жылы аудан бойынша барлығы 4334,5 га. жердің пайдаланылмағандығы анықталып, оның ішінде 1646,5 га. жер телімі қайта пайдаланыла бастаған. Ал 2234 га. жер мемлекет меншігіне қайтарылған.  Аудан экономикасына ағымдағы жылдың 9 айында 766,5 миллион теңге инвестиция тартылған.  Кәсіпкерлер қызметі де өрге домалап тұр. Қарой селолық округінде орналасқан «Рахымберлі»  ЖШС-і өткен жылы қамыс өңдеу зауытын іске қосты. Құны қымбат техника қойылып, Ресей мемлекетінде жасалған құрал-жабдықтармен жұмыс басталды. Сол сияқты өз нәсібін кәсібінен көрген Бақанас селолық округінің тұрғыны Рысбике Амантаева өз қаражаты есебінен «Ақ-Отау» тойханасын ел игілігіне ашты. Оқушыларды ағылшын тіліне үйрету де жолға қойылып, болашағынан зор үміт күттіретін шәкірттер даярлануда. Ауданда осындай қуантарлық шаруалар шаш етектен. Алайда толық шешім таппаған мәселелер де жоқ емес. Жолдың ескіруі, ауызсу мәселесінің тапшылығы сынды бірқатар кенжелеп қалған жағдайлар да бар.  Себебін сұрадық, жауабын білдік. Бұл мәселелер келер жылдың жоспарына қойылыпты. «Көш жүре келе түзелер» демекші, алдағы уақытта бұл мәселелердің де оң нәтижелі боларына бек сенейік. 

Балқаш ауданы.

Құралбек Сәбитов

"Жетісу" газеті