04 қаз, 2017 сағат 10:08

Алматы облысындағы әуе апатынан белгілі дәрігер-профессорлар қаза тапқан (Видео)

Алматы түбінде апатқа ұшыраған санавиация ұшағының бортында болған дәрігерлердің аты-жөндері анықталды, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 3 қазанда кешкі уақытта Алматыдан Шымкентке дәрігерлер бригадасы ауыр жағдайда жатқан жүкті әйелге көмектесу үшін аттанған. 

"Алматыдан санитарлық авиация бригадасы сағат 18.39-да ұшып шыққан. Бортта Акушерия, гинекология және перинаталогия ғылыми орталығының профессоры, дәрігер акушер-гинеколог Патсаев Талғат Анапиұлы мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог дәрігері Артықбаев Жәнібек Түкенұлы болған", - делінген хабарламада. 

Бортта науқастың болмағаны айтылады. Ұшу Республикалық санитарлық авиация орталығы мен East Wing әуекомпаниясының келісімшарты бойынша АН-28 ұшағымен жүзеге асырылған. Бортпен байланыс үзілген. Ұшақ Алматы түбінде табылған. Бес адамның мәйіті табылған.  

"ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан медициналық жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтады және моральдық әрі материалдық көмек көрсетеді", - деді баспасөз қызметіндегілер. 

Қаза тапқан қалған үшеуі, Азаматтық авиация комитеті өкілдерінің хабары бойынша, экипаждың мүшелері болған. Олар - Қырғызстан азаматы, әуе кемесінің командирі Г.Н.Цой, екінші пилот, Қазақстан азаматы Е.Кутафин.

Еске салайық, 3 қазан күні Алматы-Шымкент бағытында санитарлық авиарейсін орындаған «АН-28» ұшағы сағат 18:47-де Алматыдан 28 шақырым қашықтықта родардан жоғалып кетті.  Сосын сағат 19.15-те ұшақ Алматы облысы Іле ауданының Междуречинск ауылы маңында апатқа ұшырап, өртенгені хабарланды. Бортта болған 5 адам қаза болды.