16 қыр, 2019 сағат 10:00

Алматы облысындағы апат: Шлагбаум толық жабылмай қалған

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Шамалғандағы жолаушылар пойызы мен автобустың соқтығысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше 15 қыркүйекте кешкі уақытта Ақсеңгір-Шамалған өткелінде №43 жолаушылар пойызы №456 нөмірлі Алматы-Қаскелең автобусымен соқтығысып, бір адам – автобус жүргізушісі көз жұмды. Тағы үшеуі зардап шекті. Мен министрліктің және өз атымнан қаза болған адамның туған-туыстарына көңіл айтамын. Жол-көлік оқиғасын тергеу бойынша арнайы комиссия құрды. Оның құрамына Көлік комитетінің, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының лауазымды қызметкерлері енді», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Роман Склярдың айтуына қарағанда, пойыз оқиға орнына 2434 метрге жақындаған кезде автоматты түрде өткелді сигнализация құрылғысы мен дауыс сигналы қосылған.

«Бағдаршамдан осы кезде қызыл түске жанды. Өткелде көлік тұрғандықтан, шлагбаум толығымен жабылмай қалған. Автобус осы кезде өткелге шығып кетіп, кептелістің салдарынан өткелдің үстінде тұрып қалған. Пойыз сағатына 97 шақырыммен келе жатқан кезде өткелге 500 метр қалғанда машинист шұғыл тежегішті басқан. Алайда жолаушылар автобусымен соқтығысты алдын алу мүмкін болмаған», - дейді ол.

Еске сала кетсек, кеше Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысқан болатын. Алдын ала болжам бойынша, автобус темір жолдың релсіне шығып кеткен.

Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның екеуі бала.

Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура өз бақылауына алды.