21 ақп, 2020 сағат 14:01

Алматы облысында жаяу жүргіншіні көлігімен қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды

Іле ауданының Боралдай ауылында жаяу жүргіншіні қағып, қашып кеткен жүргізушіні полиция бір жарым тәулік ішінде тауып, ұстады. Жүргінші жедел жәрдем келгенше сол жерде көз жұмған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Іле ауданында Полиция басқармасының кезекші бөліміне түнде сағат 00:30-де Боралдай ауылынан хабарлама түседі. Көліктің жаяу жүргіншіні қағып кеткені және оның жедел жәрдем жеткенге дейін сол жерде қайтыс болғаны хабарланған. Марқұмның 52 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды. Белгісіз автокөлік оқиға орынан қашып кеткен, ал жол апатын ешкім көрмеген болып шықты.

«Оқиға орнын мұқият қарау барысында тәртіп сақшылары көліктің алдыңғы шамының сынығы мен бояудың белгілерін тапқан. Сол бөлшектердің арқасында жол апатын жасаған көліктің түр-түсін анықтауға мүмкін туды. Ол жасыл түсті «Toyota Rav 4» көлігі болып шықты. Жедел іздестіру жұмысы ұйымдастырылды. Бір жарым тәулік ішінде көлік апатына қатысы бар автокөліке табылып, 35 жастағы Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Көлік арнайы тұраққа қойылды», - деді Алматы облысы ПД Жергілікті полиция басқармасы іздеу тобының аға инспекторы Ерлан Кәрібаев.