22 ақп, 2017 сағат 13:31

Алматы облысында шешімін күткен 5 мәселе айқындалды

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов тұрғындар алдындағы есеп беру жинында өңірде шешімін күткен 5 проблемалық мәселелерді атап өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мәселен, бірінші мәселе ретінде ауыл шаруашылығында кооперациялау жұмысы баяу жүріп жатқанын айтты. Сонымен қатар Алматы және Талдықорған қалаларының маңында азық-түлік белдеуін қалыптастыру ісі өз деңгейін еместігін де сынға алды.  

- Шағын және орта бизнестен бюджетке түсетін салық түсімі жекелеген аудандарда, мәселен, Ақсу, Кербұлақ, Сарқан, Райымбек аудандарында әлі күнге төмен деңгейде - 12-20 % аралығында қалып отыр, - деді облыс әкімі А. Баталов.

Сондай-ақ облыста архитектуралық кескін келбеті келіскен, жаңа форматтағы сауда орталықтары жоқтығы да - алдағы уақытта қолға алатын мәселе. Өйткені бұл кәсіпкерлерге де, тұтынушыларға да қолайлы жағдай туғызатын, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы мен халықты сапалы өніммен қамтуға да зор ықпал етеді.

Облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау мен өңдеу - түйіні тарқатыла қоймаған мәселенің бірі. Бұл орайда облыс әкімі өңірде бір де бір қоқыс өңдеу зауытының жоқтығын, қолданыстағы полигондардың тұрмыстық қатты қалдықтарға толып кеткенін де тілге тиек етті. Мәселен, жыл сайын облыс аумағында 800 мың тоннаға жуық қалдық жиналады, ал бүгінге дейін жалпы жинақталған қалдықтың көлемі 8,4 млн. тоннаға жеткен. Сондықтан облыс басшысы бұл мәселенің жедел шешуді қажет ететінін атап өтті.

- Ең бастысы, атқарылуға тиіс жұмыстарды пысықтап, қай бағытта дамитынымызды білеміз. Енді тек істі нәтижелі атқаруға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет, - деді сөзінің қорытындысында А. Баталов.