21 нау, 2020 сағат 12:48

Алматы облысында коронавирус жұқтырушы 11 адаммен қарым-қатынаста болған

Алматы облысында коронавирус жұқтырушы 11 адаммен қарым-қатынаста болған. Қазір барлық адамдар оқшауланып, ауруханаға каратинге жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы облысында коронавирус жағдайы 20 наурыз күні тіркелді. Науқас сағат 10:45 минут кеткенде Қарасай аудандық ауруханасына телефон соғып, дене қызуының көтерілгені жайлы хабарлаған. Соның арқасында сағат 11:30 минутта дәрігерлер инфекциялық ауруханаға оқшаулады. Бірден ем басталды. Бүгінгі күнде оның денсаулығы орташа. Құрғақ жөтелі, кішкене дене қызуы әлі де сақталады. Оның жүрген жолын тексергенде, 17 наурыз күні Сауд-Арабиясынан Ыстамбұл арқылы Бішкекке ұшып келгендігі анықталды. Бішкек кеденінен жаяу өтіп, таксимен Алматыға келген. Таксиде өзімен бірге тағы 3 азамат болған. Алматыда оны достары күтіп алады. Ол жерде бір күн болып, содан кейін Жамбыл облысына Шу қаласына өзінің отбасына барған. Ол жақта бір күн болып, Алматы облысына Қарасай ауданына келген. Қарасай ауданында өзі жалғыз тұрады. Тексере келе бұл адамның 11 адаммен қарым-қатынаста болғаны анықталды. Олардың барлығы оқшауланып, ауруханаларға жатқызылды», - деді Талдықорғанда өткен брифннг барысында Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ. 

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Алматы облысында коронавирус жұқтырудың 1 оқиғасы тіркелгенін хабарлаған болатын. Осы уақытта індетке шалдыққандар саны ел бойынша 53 адамға жетті.