16 қар, 2018 сағат 12:57

Алматы облысында қақаған суықта жаралы аққу құтқарылды

Алматы облысының Шилісу ауылы маңында тобынан қалып қойған аққу құтқарылды. Тұрғындардың көмегімен табиғатты қорғаушылар аққуды ұстап, уақытша Алматыдағы хайуанаттар бағына тапсырды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Кербұлақ ауданына қарасты Шилісу ауылы маңындағы суға үш аққу ұшып келген. Ауылдағы ағайын сұлу құстарға нан шашып, қызықтап қарап жүретін. 1,5 ай бұрын екі аққу ұшып кетіп, біреуі қалып қойған. Соңғы күндері күн қатты суытып, мұз қата бастады. Ләззат есімді тұрғын киелі құсқа жаны ашып, жан-жаққа хабарласты. Ақпаратты естіген табиғатты қорғаушылар ауылға келіп аққуды ұстауға кірісті.  ҚР АШМ Орман шаруашылығы  және жануарлар дүниесі комитеті «Охотзоопром» РМК инспекторлары жергілікті тұрғындар көмегімен жаралы құсты ұстап, Алматы қаласындағы хайуанаттар бағына жеткізді. Ол жерде мамандар аққудың жарақатын анықтап, ем-дом көрсетіп, қарамағына алатын болды.

Айта кету керек, күннің күрт суытуына байланысты мұндай жағдайлар жиілеп кетті.

«Жуырда дәл осындай жағдай Солтүстік Қазақстанда қайталанған болатын. Ол жерде мамандар 16 аққуды құтқарды. Ең бастысы қоршаған ортаға, жануарлар дүниесіне бейжай қарамайтын қарапайым адамдар көбейд»,- дейді мамандар.