14 қаз, 2019 сағат 14:25

Алматы облысында ішек құрылысы кеуде тұсында орналасқан сәби дүниеге келді

Алматы облысында ішек құрылысы кеуде тұсында орналасқан сәби дүниеге келді. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай ауытқумен туылған нәрестелердің 95 пайызы шетінеп кетеді.

Қыркүйектің 29-ы күні Сарқан аудандық орталық ауруханасында ішек құрылысы кеуде тұсында орналасқан сәби дүниеге келген. 30-ы қыркүйек күні сәбиге дереу ота жасалып, баланың ішек құрылысы орнына қойылған. Ал 3-ші қазан күні нәресте кувез аппаратымен Алматы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

«Нәрестенің ішек құрылысы, көк бауыры барлығы кеуде тұсына жылжып кетіп, өкпені қысқан. Қазір барлық органдар өз орнына қойылды. Балаға ота сәтті жасалды. Сәби қазір реанимациядан хирургия бөліміне шығарылды. Жұма күні анасымен бірге үйіне жібереміз деп жоспарлап отырмыз», - деді Алматы облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Марат Досқалиев.

Сондай-ақ бас дәрігердің айтуынша, Талдықорғанда 21 қыркүйек күні ішегі түйіліп қалған сәби дүниеге келген. Қазір ол нәрестеге алғашқы ота жасалып, жағдайы бақылауда. Алдағы уақытта нәрестеге тағы ота жасалатын болады.