21 ақп, 2018 сағат 14:22

Алматы облысында биыл 18 денсаулық сақтау нысаны салынады

Өткен жылы Алматы облысында 15 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, 8 нысанға күрделі жөндеу жасалды.

Биылғы жылы осындай 18 нысан тұрғызылады. Олардың қатарында Сарқан қаласы мен Ұзынағаштағы перзентхана да бар. Бұл туралы облыс әкімі Амиандық Баталовтың тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында белгілі болды.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі механизмін қолдану арқылы Талдықорған қаласында жалпы құны 7 млрд. теңге болатын медициналық ақпараттық жүйелер мен автоматтандыру кешенін енгізудің екі жобасы жүзеге асырыла бастайды.

- Биылғы жылы біз міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшудің дайындық жұмыстарын аяқтап, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруымыз керек, - деді А. Баталов.

Атап өтсек, соңғы екі жылда компьютер сатып алуға 352 млн. теңге бөлініп отыр, бұл жабдықталу деңгейін 100 %-ке жеткізуге мүмкіндік береді. Облыстық, аудандық ауруханалардың барлығы да интернет желісіне қосылған, басқа да медициналық нысандарды қосу жұмысы жалғасуда.