28 қаң, 2019 сағат 11:58

Алматы облысында аса қатыгездікпен кісі өлтірген күдікті ұсталды

Алматы облысының полицейлері 37 жастағы әйелдің өліміне қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Тергеу барысында 45 жастағы күдіктінің зардап шегушімен азаматтық некеде тұрғаны анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиға Қарасай ауданында болған. 26 қаңтар күні Жаңатұрмыс ауылындағы үйлердің бірінде пышақ жарақатын алған үй иесінің мәйіті табылғаны туралы хабар түскен. Жәбірленушінің бет-әлпетіне пышақ жарақаттары салынып, бұзылған.

«45 жастағы ер азамат аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілініп отыр. Қазіргі уақытта ұсталған күдікті Қарасай ауданы полициясының уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес адам өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиға орнынан қылмыс құралы болуы мүмкін ас үй пышағы табылды. Тәркіленген пышақ айғақзат ретінде тергеу материалдарына тіркелді», - деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қылмыс екі адамның  алкогольдік ішімдікті бірге ішу нәтижесінде туған жанжал кезінде жасалған.