14 қар, 2019 сағат 10:51

Алматы облысында аналар АӘК ала алмай жүр

Алматы облысында Ескелді, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласында тұратын аналар атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай жатыр, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәселен, бір ғана Талдықорған қаласы бойынша 5359 анаға төленуі тиіс 330 млн теңгенің тек жартысы ғана төленіпті. Ал Ескелді ауданы бойынша 700-ге жуық ана соңғы рет аталған жәрдемақыны қыркүйек айында алғандарын айтады.

«Тура керек кезде, тура қыстық киім алатын кезде, балаларымызға киім алатын кезде, көмір алатын кезде ақшаны түсірмей отыр. Алматы облысында бюджетте ақша жоқ дегенге ешкім сенбейді. Түсіріп берсін, өзімізге тиесілі ақшаны сұрап отырмыз, біріншіден. Екіншіден, заң бойынша әр айдың 10-ына дейін төленеді дейді. Қанша күн асып кетті. Біз заңға қайшы ештеңе істеп отырған жоқпыз» деді Талдықорған қаласының тұрғыны Әлия Мақұлова.

Атаулы әлеуметтік көмекті алуға мәжбүр көпбалалы және жағдайы төмен отбасылар жәрдемақының уақтылы түспеуінен түрлі қиындықтарға тап болып жатқандарын айтады. Үйлеріне отын, бала-шағаларына жылы киім ала алмау өз алдында, ішетін тамақ та таусылды деп отыр. Шарасыз күйде қалған олар шенеуніктер ақша түседі деген құрғақ уәдеге сеніп, күнде қазпоштаға келіп, ұзын-сонар кезекте тұрып, шоттарын тексерумен жүр.

Ал Алматы облысы әкімінің орынбасары мұңын айтып келген аналарды төлем екі күннің ішінде болады деп жұбатты.

«Министрліктен ақшаны таңертең бізге жіберді. Ертең біз қала мен аудандарға жібереміз. Содан кейін ақшаны сіздерге таратады. Шамамен екі күнде түседі» деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.