09 сәу, 2020 сағат 09:27

Алматы облысында 80 жылқы ұрлаған барымташылар ұсталды

Алматы облысында 80 жылқы ұрлаған барымташы қолға түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бір апта бұрын Жамбыл ауданының полициясына 38 жастағы жергілікті тұрғын арызданып, өзіне тиесілі шаруа қожалығынан 80 жылқының қолды болғанын және 40 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келгенін айтқан.

Қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары барысында күдікке ілінген екі адам ұсталды. Оның бірі – 29 жастағы Өзбекстан азаматы. Ол зардап шегушінің шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істеген. Екінші күдікті Жамбыл ауданы Көкдала ауылының 39 жастағы тұрғыны, көршісінің адал малына арамдық жасап, қол салған жақын маңдағы өзге шаруа қожалығының иесі болып шыққан.

Күдіктілер бұлтартпас айғақтардың арқасында осы қылмысқа қатысы барын мойындады. Тәртіп сақшылары қолды болған малды іздестіру барысында 36 жылқыны тауып, иесіне қайтарды. Қалған жылқының сойылып кеткені анықталды. Тергеу барысында күдіктілер шаруа қожалығынан жылқыларды ұзақ уақыт бойы ұрлап келгені және мал иесінің полицияға арызданбағанын оңтайлы пайдаланғаны белгілі болды. 

Барымташылар әуел баста 2-3, кейде 5 жылқыны ұрлаған. Олар жалпы саны 80 жылқы сатса, оның 35-і құлынды бие болған. Оңай жолмен табылған қаржыны өз қажеттеріне жаратып отырған.

Екі күдікті Жамбыл ауданы полициясының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Аталған дерек бойынша қолданыстағы қылмыстық заңнаманың 188-1-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.