12 қыр, 2019 сағат 09:31

Алматы облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

Бұған дейін Алматы облыс әкімі аппаратының жетекшісі болған Батыржан Байжұманов енді әкімнің идеология саласына жауапты орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Батыржан Құлаймергенұлы 1976 жылы туған, білімі жоғары. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық, 2005 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттерін ғалым-агроном, мемлекеттік басқару менеджері мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы бастаған. Әр жылдары ҚР Премьер-Министрі және ҚР Президенті Кеңселерінде бас сарапшы, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің «КазАгроИнновация», «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» акционерлік қоғамдары төрағасының орынбасары, 2017 жылдан осы уақытқа дейін облыс әкімі аппаратының басшысы болды.

«Бұған дейін бұл қызметті Ақан Әбдуәлиев атқарған. Ол өзіне артылған міндетті толықтай орындады. Негізі, Алматы облысына келгісі келетіндер көп. Бірақ мен Президент әкімшілігімен келісе отырып, орынбасар лауазымына облысты білетін, менімен бірге жұмыс істеген кадрды тағайындап отырмын. Еңбегің жемісті болсын», деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Ал, Алматы облысы әкімінің аппараты жетекшісі лауазымына Темірлан Бектасов тағайындалды.

Темірлан Амангелдіұлы 1969 жылы туған, білімі жоғары. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын құрылыс инженері мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын бастап кеткен. 1999-2017 жылдар аралығында Қарасай аудандық сәулеттендіру және жүйелеу басқармасының технигі, инженері, бөлім меңгерушісі, «Сәулет» мемлекеттік-қазыналық кәсіпорыны директорының орынбасары, Жамбыл, Қарасай аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің бастығы, Алматы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының  бастығы, Кербұлақ ауданы Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі, облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, басшысы лауазымдарын атқарған. 2017 жылдан осы уақытқа дейін Панфилов ауданы әкімі лауазымында жұмыс істеді.

Жиын соңында облыс әкімі ертең Талғар, Панфилов және Райымбек аудандарына барып, өңір активтеріне жаңа басшыларды таныстыратынын айтты.