09 мау, 2019 сағат 19:25

Алматы мен Нұр-Сұлтанда заңсыз митингке шыққан 500-дей адам ұсталды - ІІМ

Қазақстанның екі қаласында кезектен тыс президент сайлауы кезінде заңсыз шеруге шыққан 500-ге жуық адам ұсталды. Бұл туралы ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айтуынша, елордада "Жастар сарайы" ауданында бір топ азамат Республика даңғылы бойынша жол қозғалысын жаппақ болған. Арандатушылар мен белсенді қатысушылардың әрекеттеріне жақын уақытта заңды баға беріледі, деді ол.

"Полицейлердің әрекетіне қатысты айтар болсақ, барлық іс-шара заңға сәйкес жүргізілді. Құқық бұзушыларды ұстау кезінде арнайы құралдар қолданылған жоқ", - деді ол.

Ол заңсыз акциялар кезінде 12 адамның медициналық көмекке жүгінгенін атап өтті. Олар негізінен қан қысымының жоғарылауына шағымданған.

"Әлеуметтік желілерде полицейлер тарапынан зардап шеккендер туралы, тіпті адам өлімі жайлы ақпарат тарап жатыр. Бұлар шындыққа жанаспайды. Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық көмекке бірде-бір адам жүгінбеген. 

Нұр-Сұлтан қаласында заңсыз акцияға қатысқандар тас, қолына түскен заттарды лақтырып, жас ағызатын баллондар қолданған. Осы әрекет салдарынан үш полицей жарақат алды. Екеуі адамдардың тас лақтыруынан зардап шексе, біреуінің көзінің айналасын күйік шалған", - деді ол. 

Қожаевтың ақпаратынша, сайлау науқанын өткізу кезінде тікелей дауыс беру орындарында, көшелер мен қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпті қадағалауға шамамен 19 мың полиция қызметкері тартылған. Хаттамалар мен бюллетендерді одан әрі облыстық және орталық сайлау комиссияларына жеткізу кезінде олардың сақталуы қамтамасыз етіледі.

"Жалпы дауыс беру бірқалыпты және тыныш өтті. Барлық 9 903 дауыс беру бөлімшесінде бірде бір оқыс оқиға тіркелген жоқ, қоғамдық тәртіп сақталды", - деп түйіндеді сөзін министрдің бірінші орынбасары.