29 нау, 2018 сағат 11:27

Алматы мен Астанада «Әміре» фильмінің алғашқы көрсетілімі болады

Әйгілі әнші Әміре туралы фильмнің алғашқы көрсетілімі Астана мен Алматы қалаларында қашан өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2018 жылы 3 сәуірде Алматы қаласында сағат 19:00-де «Kinopark 11 (Есентай) IMAX 3D» кинотеатрында (Әл-Фараби даңғ., 77/8, Esentai Mall СОО) «Әміре» фильмінің тұсаукесері өтеді.

Ал ҚР Мәдениет және спорт министрлгінің баспасөз қызметі Астанада аталмыш кинотуындының алғашқы көрсетілімі 2-сәуір күні 19:00 сағатта «Сарыарқа» кинотеатрында болатынын хабарлады.

Айта кетсек, кинотуынды қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcі Әміре Қашаубаевтың қамшының сабындай қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. Көркем фильмді Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірген.