09 қыр, 2019 сағат 08:17

«Алматы-Қорғас» жолында 35 шақырым электр желісі ұрланған

Жол қызметінің күнделікті тексеру жұмыстарына қарамастан, ақылы учаскелерде жол элементтерін ұрлау фактілері азаймай тұр, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметі.

Мәселен, «Нұр-Сұлтан-Щучинск» учаскесінде 2018 жылдан бастап 10 ұрлық фактісі тіркелген. Кабельдер мен үй жануарлардың жолға шықпауы үшін орнатылған арнайы қоршаулармен қатар, басқа да бағалы техникалық-құралдар ұрлануда. 2018 жылдың сәуір айында демалыс алаңындағы жаппа (беседка), ал ағымдағы жылдың тамыз айында ақылы учаскеден дизельді-генератор ұрланған. Сонымен қатар, 7 дана жарық прожекторы, 30-ға жуық жарық беретін құрылғы, 412 бірлік консоль ұрланған.

 «Нұр-Сұлтан-Теміртау» учаскесінде 5 мың метрден астам қоршау ұрланды.

Кабельдер мен қоршауларды ұрлау фактілері Алматы облысындағы ақылы учаскелерде де жиі тіркеледі. Бұл облыстағы ұрлықтың ауқымы да кең. «Алматы-Қорғас» ақылы жолындағы қайта жаңарту жұмыстарынан кейін учаскеден 35 шақырым электр желісі ұрланған. Алайда, бұл аталмыш учаскедегі ұрлық фактілерінің тек бастамасы ғана.  Байсерке, Ақбастау және Қазатком жол айырығында 3 трансформатор ұрланған. «Алматы-Қапшағай» учаскесіндегі үш рет ұрланған электр желілерінің жалпы көлемі 6 шақырымға жетеді.

Жолдың бойындағы демалыс алаңдарынан орындық пен үстелдермен қатар, аялдама павильондарын ұрлаған фактілер де тіркелген. 

Ұрлау фактілері анықталғаннан кейін Дирекция қызметкерлері шұғыл түрде ішкі істер бөліміне хабар береді. Полиция қызметкерлері оқиға орнында акт жасап, 1 тәуліктің ішінде ресми хат жергілікті полиция бөлімшесіне жеткізеді.

«QazAvtoJol» ҰК» АҚ «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы жол белгілерін ұрлау жолдағы қауіпсіздікке әсер ететінін ескертеді.