25 ақп, 2020 сағат 13:20

Алматы қаласының бас жоспарына түзету енгізілмек

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгін сәулетшілермен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы қала басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады .

«Бүгін танымал және жас сәулетшілермен, қоғам белсенділерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде қаланы дамыту мәселесінде кешенді іс-қимылды қажет ететін шешімдерді талқыладық. Бүгін біз Алматының Бас жоспарына түзетулер енгізу бойынша жұмыс істеудеміз. Ол орталықтандыру қағидатына негізделген мегаполистің эволюциялық дамуының барлық негізгі тетіктерін қамтитын болады», - деді әкім.

Оның айтуынша, қаланың бас жоспарын талқылау үшін ғұмырын сәулет саласына арнаған кәсіпқой мамандар қажет.

«Мысалы, қазір 30 қоғамдық кеңістіктің жобасы әзірленуде. Олар негізгі сипаттарынан бөлек эстетикалық толықтығымен де тартымды болуы тиіс. Жалпы, біз «Алматы-2050» стратегиясында ескерілген сәулеттік шеберліктің дамуына жаңа серпіліс беруді ниет етудеміз. Іскерлік кеңес жанындағы креативті индустрия комитеті қаланы дамытудың ағымдық және перспективалық мәселелері бойынша пікір алысатын пәрменді диалог алаңына айналуы тиіс», - деді Сағынтаев.