03 қаз, 2018 сағат 11:27

Алматы қаласында «Оңай» көлік картасы қымбаттады

Алматылықтар мен қала қонақтары бұған дейін 425 теңгеге сатып алған «Оңай» көлік картасын енді 500 теңгеге сатып алады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бұл ақпарат instagram-дағы almaty_city парақшасында жазылды.

Алматы көлік холдингіндегілер картаның өзіндік құны 425 теңгеден жоғары екенін айтты.

«Біз тұрғындардың барлығын картамен қамтамасыз ету үшін осы бағаны ұстап тұрдық. Бүгінгі күнге дейін біз 2 млн 11 мың карта жасадық. Қалада 1,5 млн адам тұрады, оның 40%-ы ғана қоғамдық көлікті пайдаланады», - дейді «Алматы қаласы Көлік холдингі» ЖШС-нің (электронды билеттендіру жүйесінің операторы) директоры Самир Хамраев.

Төлемнің басқа тәсілі – құны 2000 теңге тұратын (бұрын 1000 теңге болған) «Оңай» брелоктары мен 700 теңгеге сатылатын дизайнерлік карта.

Сондай-ақ, Алматы автобустарында жолақыны SMS, банк картасы, NFC технологиясы бойынша, Homebank мобильді қосымшасының QR-кодтары арқылы және «SMSBus пассажир» мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады.